Батыс Қазақстан облысында төрт жүкті әйел коронавирус індетін жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі таңда олардың екеуі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде. Қалған екеуі дәрігерлердің бақылауында.
Сондай-ақ індет оқушылар арасында да тіркеліп отыр. 12 баланың төртеуі қыркүйекте, қалған 8-і қазан айында отбасы мүшелерінен жұқтырған. Оның бесеуі жазылып шықты, жетеуінде ауру белгілерінсіз өтуде.
Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, күні бүгінге дейін облыста 7064 адамнан коронавирус табылса, соның 6846-сы емделіп шықты. 121 адам көз жұмды. Пневмонияға шалдыққан 139 науқастың 92-сі стационарда, 47-сі амбулаторлық ем алуда. Облыста 185 төсектік төрт карантиндік стационарда 41 адам болса, 333 төсектік алты жұқпалы аурулар стационарында 103 адам емделуде. 26 төсектік жансақтау бөлімінде 7 адам жатыр. Оттегі концентраторына 2 адам қосылған. «2044 төсектік резервтік орындар әзірленсе, соның 1269-ы жұқпалы аурулар, 775-і карантиндік стационарда. Оған қоса «Жұлдыз» шағынауданында құны 7,2 млрд. теңгені құрайтын, 200 төсектік модульдік аурухана құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстың 85 пайызы орындалған. Осы айдың аяғында пайдалануға беру көзделуде. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан ерекшелігі, онда компьютерлік томография болады. Диагностика да жүргізіледі. Қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, кадрлар да іріктелуде», деді Г.Әбдірахманова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл әкімі карантинге қарамастан ұлының үйлену тойын өткізгенін, бір апта ішінде 1500-ге жуық жүргізушінің шекарадан өткенін жазған болатынбыз.
zhaikpress.kz