Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, соның 110-ы Орал қаласында орналасқан. Барлық сайлау учаскелері 10 желтоқсаннан бастап жұмысқа кіріседі. Ал 14 аумақтық (облыстық, қалалық, аудандық) сайлау комиссиясы екі айдан бері өз қызметтерін атқаруда.
Ғайса Хамидоллаұлының сөзіне қарағанда, алдын ала есеп бойынша облыста 458 мың сайлаушы бар. Сайлаушылар тізімі әлі де нақтыланатын болады. Сайлау комиссияларына жаңадан 500 адам тартылды, олардың бәрінің де сайлау өткізуде жұмыс тәжірибелері бар. Мүше болған 3259 адамның 98-і аумақтық, 3161-і учаскелік сайлау комиссияларының құрамына енген. 10 желтоқсаннан бастап үгіт-насихат жұмыстары басталады. Мәслихат депутаттарын сайлау алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді.
Қазіргі таңда «Nur Otan» – 350, «Ауыл» – 41, «Ақ жол» – 35, «Адал» партиясы 29 үміткер ұсынып отыр. Көп ұзамай партиялар өкілдері сайлаушылармен кездесулерін өткізеді. Ал қаңтар айының басында облыстық телеарнада жария пікірсайыс ұйымдастырылады.
«Басты мақсат – алдағы сайлауды барлық санитарлық талаптарға сай өткізу. Бұл сайлаудың ерекшелігі де сол, бірінші рет індет жағдайында өткелі тұр. Сондықтан сайлау комиссияларында барлық сақтық шаралары қолға алынып, әр азаматтың өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, дауыс беруіне толық мүмкіндік жасауымыз қажет», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ғ.Қапақов.
inform.kz