18.03.2021, 11:53
Оқылды: 176

Батыс Қазақстанда қар құрсауында қалған 20 адам құтқарылды

Батыс Қазақстан облысында боранда қар құрсауында қалған 20 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі.

92C49D66-7A04-4201-B9EE-FDB09CF373DE

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Сырым және Теректі аудандарында болды. 17 наурыз күні сағат 20.58-де Сырым ауданы Шағырлыой ауылынан 7 шақырым жердегі «Ахметжан» қыстағынан жылқы іздеуге кішкентай баласымен трактормен шыққан малшының жоғалып кеткені жөнінде хабар түсті. «Трекол» автокөлігімен жедел шыққан құтқарушылар сағат 01.10-да малшы мен оның баласын тапты. Сағат 22.06-да Сырым ауданы Қоңыр ауылы маңында Самара-Шымкент жолынан 10-15 шақырым жерде «Нива» автокөлігі қар құрсауында тұрып қалған. 14-өрт сөндіру бекетінің құтқарушылары 5 адамды (біреуі - бала) Қоңыр ауылына жеткізді. Сондай-ақ Тасқұдық ауылы маңында тұрып қалған «Нива» автөлкөлігінен 3 адам Жымпитыдағы жылыту пунктіне жеткізілді.

C5A6AEB6-2863-4D83-9CBB-07F997389941

18 наурыз күні сағат 01.42-де Теректі ауданы Ақсоғым ауылынан бұрылар тұста, Барбастау-Индер автожолының 71-шақырымында 10 автокөлік (үшеуі - жүк, қалғаны - жеңіл көлік) қар құрсауында қалды. Бұдан 10 адам (алтауы - бала) Ақжайық ауылына апарылды.

Құтқарушылар облыс жолдарында күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранға байланысты республикалық жолдар жабылғанын, облыстық жолдарда да көлік қозғалысы шектелгенін жазған болатынбыз.

zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале