Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласында шаңғы жарысынан жастар арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін шаңғышылар 20 шақырымдық масс стартта кім мықтыны анықтады. Бұл сында өңір намысын бәйтеректік Дамир Қабекесов қорғады.

Жарыс басынан Абай, Шығыс Қазақстан және біздің Дамир бастаған бір топ шаңғышы алға шықты. Лидерлік позицияға алма кезек таласқан бестік барлық мәселені соңғы айналымда шешті. Алдымен Шығыс Қазақстан атынан сынға түскен Аян Қайырғазиев пен Григорий Дачкин лидерлерден қалып қойды. Ал Әлем чемпионатында үздік 15 шаңғышы қатарында болған Абай облысының спортшысы Әмірғали Мұратбек болса, қарқынға қарқын қосып, артынан ергендерден ұзап кетті. Қорытындысында бірінші орынға ие болды. Ал Дамир Қабекесов мәре сызығын үшінші болып кесті. Екінші орынға шығыстық Павел Гренец жайғасты.
–Жарыс қиын болды. Қарсыластарым да оңайлықпен берілетін жігіттер емес. Бірақ намысқа тырысып, өз еншімді жібермедім. Маған қолдау көрсетіп, жанкүйер болған барша жақын-жуықтарыма рахмет,–деді Дамир жарыс соңында берген сұхбатында.
Айта кетейік кеше өткен эстафетада өңір шаңғышылары бесінші орын иеленді. Жарыс ақпанның 26-ы аяқталады.
Түгелбай Бисен