22.09.2020, 17:30
Оқылды: 38

Батысқазақстандық кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алуда

Бүгін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша аймақтық филиалы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне кәсібін дамыту үшін мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлердің бизнес нысандары бойынша баспасөз турын өткізді.

 Даму 3

Биылғы өткен 8 ай ішінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры бизнесті жеңілдікпен несиелеу мемлекеттік бағдарламасын іске  асыру шеңберінде облыстағы кәсіпорындарға жалпы сомасы  9,6 млрд теңгеге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсеткен. Қордың кепілдігін кәсіпкерлердің жалпы сомасы 1,3 млрд теңге көлемінде болатын 117 жобасы иеленді. Бұл қолдауға «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Шаңырақ» түзету-оңалту орталығы мен «Талап» АҚ медициналық орталықтар желісіие болып отыр. Пайыздық мөлшерлеменің бөлігін субсиядиялау кәсіпкер алатын несиенің пайыздық сыйақы мөлшерлемесін азайтады. Субсидияланған несиелерге батысқазақстандық кәсіпкерлер өнім өндірісі мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін жабдықтар сатып алған.

Даму1

БАҚ өкілдері баспасөз турында алдымен «Alageum Electric» холдингтік компаниясының құрамына кіретін «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-да болды. Бүгінде өнімдері ТМД мемлекеттерінің энергетика саласында кеңінен қолданылатын зауытта 6-10кВ кернеулі трансформаторлар шығарылуда. Кәсіпорын «Даму» қорының субсидиялауы шеңберінде «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында бірнеше мәрте жеңілдікпен несие алған. Бұл қаражатты жабдықтар сатып алу және айналымдық қаражатын толықтыру үшін пайдаланыпты. Зауыт жыл басында экспорттық әлеуетін арттыру үшін «Басым жобаларды несиелеу механизмі» бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктен 15% жылдық мөлшерлемемен 1,9 млрд теңге алған екен. Бұл жеңілдікпен берілген несиенің 9%-ын «Даму» қоры  субсидиялайды.

Даму 2

Шара барысында ат басын бұрған мекеменің бірі  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шаңырақ» түзету-оңалту орталығы болды. Орал қаласында жыл басында ашылған орталықта үш жақты, яғни  медицина, түзету және білім беру қызметі көрсетіледі. Орталықтың  негізін қалаушы Гүлнұр Төлеген айтып өткендей, мұнда невролог, реабилитолог, нейропсихолог, дефектолог, логопед, емдік дене шынықтыру инструкторы, массажист пен коррекциялық педагог жұмыс істейді.  Кәсіпкер орталыққа қажет жабдық сатып алу үшін несие алуға «Даму» қорына жүгінген. Нәтижесінде «Сбербанк» АҚ арқылы «Еңбек» 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында  6% жылдық мөлшерлемемен 16,4 млн теңге сомаға ие болған екен. Кепілдік мөлшері жетпеген соң, «Даму» қоры 60% мөлшерде кепілдік ұсынып, қолдау білдірген.

Сонымен бірге «Даму» қоры «Талап» АҚ медициналық орталықтар желісіне «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетіп отыр. Ширек ғасырдан астам уақыттан бері қанатын кеңге жайған «Талап» АҚ облыстағы жетекші жекеменшік клиникалардың бірі саналады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аталмыш медицина мекемесінің орталықтарының біріне магниттік-резонанстық томография сатып алған. Компания басшылығы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының шеңберінде 13% жылдық мөлшерлемемен 250 млн теңге  несие беріпті. Қаржының 7%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Бүгінде  жаңа құрылғы іске қосылған  арнайы кабинет жұмыс істеп тұр.

«Даму» қорының аймақтық филиалының директорыӘсет Тілемісовтің сөзінше, көлік, өнеркәсіп және сауда-саттық саласында несие рәсімдеп, субсидия алу басымдыққа ие болып отыр.

 

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале