Астанада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Zerdeli» ақыл-ой дамыту мектебі ұйымдастырған «Оқу & математикалық сауаттылық: табысты синергия» атты республикалық мега жоба өз мәресіне жетті.

Сурет: telegram.org
Ауқымды шараға 100 қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, 100 математика пәні мұғалімі қатысты. Олар оқу сауаттылығы мен логикалық ойлау қабілеті бойынша өзара сынға түсті.

Алдымен, қатысушылар жұпқа бөлініп, өз пәндері бойынша 50 сұрақтан тұратын тестілеуден өтті. Екінші кезеңде қатысушылар топқа бөлініп, өзге өңірдің өкілдерімен сайысқа түсті. Логикалық және сыни бағыттағы 120 сұрақтың шешімін тапты.
Жобаның марапаттау салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысып, аталған жобаның білім сапасын арттырудағы маңыздылғын атап өтті.
«Сапалы білім беру үшін мұғалімнің рөлі маңызды. Оның кәсібилігі, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті және осы дағдыларды үйретуі балаларымыздың болашағына үлкен әсер етеді. Мұндай жобалар ұлттық деңгейде білім беру нәтижелерінің өсуіне ықпал ететін оқу сауаттылығын дамытудың бірыңғай моделін құруға септігін тигізеді», — деді министр.

Байқаудың нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан келген топ бас жүлдені жеңіп алды. Жамбыл және Қарағанды облысының педагогтері 1-ші орын иеленді. Абай облысы мен Алматы қаласынан келген топ 2-ші орынға жайғасса, Қызылорда және Ақтөбе облысының ұстаздары 3-ші орынды бөлісті.