2024 жылдың 29 қарашасы 17:08-де Скоробагатов көшесі 65/1 мекенжайы бойынша ТЖД-ға өрт шықты деген хабарлама түседі.
«Біз бөлімнен 17:09-да оқиға орнына шығып кеттік. Белгіленген мекенжайға 8 минутта жеттік. Келген бойда барлау барысында үйдің жертөлесі өртеніп жатты.
Шапшаң қимылдап, әріптестеріммен газ түтінінен қорғау аппаратына қосылып, газ түтінінен қорғау қызметі звеносын құрып, жертөлеге кіріп кеттік.
Кірген кезде түтіннен дым көрінбеді. Оған қарамастан өрт ошағына қарай бағыттадық. Өрт ошағына жете берген кезде жоғары кернеулі ток көзі қысқаша тұйықталудың әсерінен жұмыс жасауға кедергі келтірді.
Кенеттен дәліздің төменгі жағында ес-түссіз жатқан адамды байқадық. Дереу далаға эвакуациялау жолдарын қарастырып, қауіпсіз жерге ұтымды түрде шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстап жатқанда, іште тағы бір адамның бар екені белгілі болды.
Шұғыл ішке қарай ұмтылдық, жертөленің арғы бетінен тағы бір адамды таптық. Оған құтқару маскасын кигізіп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық.
Өрт ошағы толықтай сөндіріліп, зардап шеккендер болмады», - деп әңгімелеп берді азаматтық қорғау кіші сержанты, өрт сөндіруші-құтқарушы Еламан Елеубаев.
Еламан Тілекұлы азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдың сәуірінен бастап қызмет атқарады. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар басқармасы №5 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы.
zhaikpress.kz