22.07.2020, 10:12
Оқылды: 200

Батысқазақстандық жас журналист YouTube-те жобалар бастады

Жаңақала аудандық "Жаңарған өңір" газетінің жас тілшісі Жанайдар Болатбекұлының YouTube желісінен арна ашуына ұстазы Қаһарман Сағындықұлы себепші болған.

C57A9DF2-AF8F-4C96-BD38-0C342720C293

Алғаш ұстазынан YouTube видеохостингі туралы мағлұмат алады.

- Арнаға жүктеген алғашқы видео - ұстазым, айтыскер ақын Жансая Мусинаның «Аялдама» деген әнді орындағаны таспаланған бейнежазба. Одан кейін ол туралы мүлдем ұмытып кетіппін. 3-4 ай өткесін кіріп қарасам жүктеген бейнем 15 мыңнан астам көрілім жинапты. Біраз адам пікірлерін жазған екен. Одан кейін арасында бір-екі видео салып жүрдім. 2017 жылдан бастап YouTube-тағы жеке арнамды тұрақты түрде жүргіздім.

Биыл маусым айының соңында «Сұхбат TIME» деп аталатын жобаны бастадым. Жоба аясында Ақ Жайық өңірінен шыққан, елдің алдында жүрген, айтары бар, өнерлі, білімді, белгілі бір жетістікке жеткен жандармен сұқбаттасамын. Авторы әрі жүргізушісі өзім. Көптен ойлап жүрген идеямды группаласым әрі бауырым Әли Нәбиге айтқам, ол бірден қолдады. Қазір Әли досым жобаның операторы әрі монтажымен айналысады. Жоба жасау сырт көзге оңай көрінгенімен, бірнеше процестен тұратын қиын іс. Бірінші қонақ – айтыскер ақын Мұрадым Мирланов ағамыз болды. Айтыс төңірегінде, өнер туралы жақсы әңгімелер айтылды. «Сұхбат TIME» бағдарламасы айына бір мәрте жарық көреді. Әр айдың соңында шақырылған қонағымызбен сұқбаттасып, келесі айдың басында арнамызға жүктейміз. Жобаның ғұмырын алдағы уақыт көрсете жатар. Көмек қолын созып, қолдау білдіремін, демеушілік танытамын деген жандар болса қуанар едім. Қазір тек Әли екеуміз ғана шығарып жатырмыз. Орал қаласында түсірілім жасайтын жер табу да оңай емес. Бірінші саны – Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының «Білім орталығында» түсірілді. Түсірілім жасайтын жерді берген кітапхана директоры Звайда Бисенқызына алғысымды білдіремін.

Алдағы уақытта Мұрадым Мирланов ағаммен бірігіп, қазақтың атбегілік өнерін дәріптейтін сапалы дүниелер түсіруді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек саяхат туралы, өңіріміздегі табиғаты әсем жерлер туралы тың туындылар түсіргім келеді. Бәрі уақыттың еншісінде. Алла нәсіп етсе, YouTube арнамды дамытып, қазақы контентке үлесімді қоссам деймін, - дейді Жанайдар.

Жанайдардың YouTube арнасы 5 жылдың ішінде 7 мың 380 жазылушы, 2 млн.361 мың 349 көрілім жинаған. Арнаның контенті негізінен айтыс, ән-терме, спорт, жылқы, ұлттық спорт және өзімнің түсірген әртүрлі бағыттағы видеоларымнан тұрады.

Ертай Бимұханов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале