Қайырлы күн, жасы үлкен-кіші бауырлар!
Бүгін сонау 1917 жылдан бері шығып келе жатқан Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" қоғамдық-саяси газетінің редакциясы үшін мерейлі күн! Биылғы кәсіби мейрамымыздың қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен жарты ғасырдан бері біздің редакцияда жемісті еңбек етіп, қажырлы қызмет істеп келе жатқан Жайық жұртына да, байтақ елге де танымал журналист Қыстаубаев Есенжол Жұмағұлұлы "Құрмет" орденімен марапатталған болатын.
Бүгін Отанымыздың осынау жоғары марапатын Батыс Қазақстан облысының әкімі Төреғалиев Нариман Төреғалиұлы Ес-ағаңның өңіріне салтанатты жағдайда тақты.
Е. Қыстаубаев әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университеті журналистика факультетінің 1981 жылғы түлегі. Әрі ол университетте сырттай оқи жүріп, Алатаудың баурайындағы һәм арман қала Алматының төріндегі ҚазҰУ қалашығын өз қолымен салған алтын қолды құрылысшылардың бірі.
Біздің Ес-ағаң жылдар бойы журналистиканың сан алуан жанрында қалам тербеп, әрі бұрындары ұрлық-қарлық, қарақшылық шабуыл, кісі өлімі, банк тонау, зорлық-зомбылық, пәтер және мал ұрлығы сықылды ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша журналистік зерттеулерді кәсіби тұрғыдан өте сауатты жүргізіп, Жайық жұртының, яғни, "Орал өңірінің" мың-сан оқырмандарының көңіл төрінен әлдеқашан орын алған нағыз сайыпқыран журналист. Сонымен қатар Ес-ағаң редакцияға қызметке қабылданған жастардың адам ретінде де, маман ретінде де қалыптасуына айтулы үлес қосып келе жатқан ақылман ардагерлердің бірі.
Отанның "Құрметі" құтты болсын, Ес-аға! Жақсылық жақсылыққа жалғасып, қуаныш қуанышқа ұласа берсін!