Бүкіләлемдік туризм күні Астана қаласының 20 жылдығына арналып Оралда жаяу экскурсия ұйымдастырылып, өңір тұрғындары мен қонақтары қаладағы 7 музейді тегін көрді.
Аталмыш күні шара БҚО жастар мәселесі басқармасы, БҚО тарихи-өлкетану музейі "Ғылыми зерттеулерді қолдау" қорының ұйытқы болуымен өткізілді.
Иә, елімізде туризм саласының кенже қалып келе жатқаны аян. Дегенмен дәл осы күні қала мен өңір тарихын тереңірек біліп, музей көруге жиналған жастардың қарасы көп жиналғаны қуантты.
-Бүкіл әлемдік туризм күні қарсаңында қаламыздағы бірнеше музейді тегін көруге мүмкіндік берілді. Ақжайық жастары бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланды деп ойлаймын. Колледжтен үш топтың стдуденттері келдік. Саяхатымызды облыстық өлкетану музейінен бастадық. Музейде бірнеше экспозициялық зар бар. Әсіресе, этнография бұрышы ұнады. Өткен ғасырлардағы халқымыздың тұрмыс-тіршілігі әдемі көрсетілген. Қазір көп үйде көзге түсе бермейтін бұйымдарды көрдік, - дейді Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенті Альбина Серікова.(Суретте)
Тағы бір айта кетерлігі осы күні байқау ұйымдастырылды. Оның шарты бойынша кез келген жас 7 музейде сельфиге түсіп, арнайы хэштегпен instagram әлеуметтік желісінде жариялады. Байқаудың жеңімпазын сөзге тартқан едік.
-Өте қуаныштымын. Туризм саласы жаныма бөтен емес. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да туризм мамандығының І курс студентімін. Аталмыш күннен алған әсерім ерекше. Өте қызықты мәліметтер тыңдадық. Бәрінен де М.Мәметова атындағы мемориалдық музейде ұнады. Батыр қыз туралы көп айтыла бермейтін ақпаратқа қанықтық. Тобымызбен жаяу экскурсияға да қатыстық. Достық даңғылымен Пушкин ескерткіші қойылған саябақтан бастап Абай атындағы алаңға дейін бардық. Жол бойы экскурсия жүргізген Нина Александровна әр жылдардағы оқиғаларды айтып, өткен ғасырға сапар шеккендей болдық,- деген Индира Ерғалиева ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Айта кетейік, мереке күні батысқазақстандықтар БҚО тарихи-өлкетану, Е.Пугачев музей-үйі, Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық, А.Пушкин, М.Мәметова атындағы мемориалдық, С.Ғұмаров атындағы музей мен «Рухани жаңғыру» музейін аралады.
Д.БЕРІШ,
zhaikpress.kz