Бүгін Сауд Арабиясының астанасы Әр-Риядта өткен Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында самбо күресінің алтын иегері атанған Темірлан Көлбай мен әскери самбодан қола жүлдегер Әділбек Сейісовті батысқазақстандықтар әуежайдан салтанатты түрде күтіп алды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин қос спортшыны жеңісімен құттықтап, алғысын білдірді.
– Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында жерлес спортшы бауырларымыз үлкен жетістікке жетіп, еліміздің мерейін үстем етті. Бұл сіздердің алғашқы жетістіктеріңіз емес. Туған жеріміздің даңқын асқақтатып жүрген мықты спортшыларсыздар. Әлі де алар асуларыңыз көп екеніне сенімдіміз. Біз сіздермен мақтанамыз. Еңбектеріңіз елене берсін. Елге қош келдіңіздер!, - деді Жеңіс Махамбетұлы.
Сауд Арабиясында өткен жауынгерлік өнер ойындарында еліміздің самбо құрамасы жарысты сәтті бастап, делегация қоржынына алғашқы алтын медальді жерлесіміз Темірлан Көлбай (+88 кг) салды.
Ол спорттың осы түрінен Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында топ жарған тұңғыш қазақ атанды.
Ал Әділбек Сейісов әскери самбодан жүлдегер атанып, ел қоржынын қоламен толықтырды.
Енді самбошыларымызды қарашаның ортасында Ереванда өтетін Әлем чемпионаты күтіп тұр.
Гүлмира Сарсенғали,
Суреттерді түсірген Әділет Ғабдрешев
zhaikpress.kz