Алматыда өткен әуесқой командалар арасындағы футболдан Қазақстан Республикасының чемпионатында БҚО намысын қорғаған «Fusion» (Фьюжин) футбол командасы күміс жүлде иегері атанды. Орал теміржол вокзалынан түскен жеңімпаздарды БҚО футбол қауымдастығының мүшелері мен ала доп жанкүйерлері қарсылады.
Байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 9 команда бақ сынап, өзара тартысқа түскен. Естеріңізде болса, былтырғы ел шемпионатында Павлодар қаласының «Ақбет» футбол командасы жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Қазақстан футбол федерациясы аталмыш турнирді жылма-жыл өткізіп, үрдіске айналдыруды жолға қойған. БҚО намысын қорғаған «Fusion» футбол командасы үздіксіз дайындықтың нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрініп, өңірімізден де болашақ футбол шемпиондары шығатынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
– Біздің команда облыстағы ала доп бәйгесінің алды болып келеді. Биыл облыстық іріктеуде қарсыластарды тең келтірмей, респуб-ликалық чемпионатқа жолдама алдық. 7-11 қазан күндері өткен республикалық турнирде 5 матч өткіздік. Екі команданы айқын басымдықпен жеңіп, екеуімен тең дәрежеде тартысты ойын үлгісін көрсеттік. Өкінішке қарай, финалдық бәсекеде алматылық командадан есе жіберіп, екінші орынға тұрақтадық. Футбол құрамасының ойыншылары ойын барысында өздерінің толық мүмкіндіктерін пайдаланды. Бапкерлердің айтқан ақылдарын, күрделі тактикалық шабуылдарды орындай алды, бұл – біз үшін қуантарлық жайт.
30 жылдан аса жас футболшыларды дайындап, олармен жұмыс істеп келе жатқан әріптестерімнің бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Болашақта бұл жастар әлі талай шыңдарға шығып, талай биіктерді бағындырады деген үміттеміз, – деді БҚО футбол қауымдастығының вице-президенті Рашит Хуснутдинов.
Жайық өңірінің жанкүйерлері Алматыны дүбірлетіп қайтыпты. Ойыншылар қолдаушы тарапқа дән риза, олар «Бізді қолдаған көрерменнің қарасы қалың болды. Соның нәтижесі шығар, ойын алаңы бізге күш-жігер беріп, жеңіске жетелей жөнелді. Әр жанкүйердің үмітін барынша ақтауға тырыстық. Турнир атмосферасында қуаныш пен толқыныс сезімі қатар жүрді. Бұны сөзбен айтып жеткізе алмаймыз» десті.
«Fusion» футбол командасы – өңіріміздегі жастардан құралған командалардың бірі.
Болашақта облыс атын асқақтатарына сеніміміз мол.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz