Батысқазақстандықтар Өзбекстанда өткен байдарка және каноэда ескек есуден әлем чемпионатынан жүлделі оралған Мария Бровкованы ерекше қошемет көрсетіп, күтіп алды. Еске сала кетейік, ол Самарқандтағы 2024 жылғы әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта жарысқан ескекшілер сынының қола жүлдегері атанды.
– Қазақ спортының тарихында байдарка және каноэда ескек есуден үшінші спортшы әлем чемпионатында жүлдегер атанып отыр. Марияны және жеке бапкері әрі анасы Елена Бровкованы құттықтаймыз. Елдің сенімін ақтағаның үшін алғыс айтамыз. Ал олимпиада ойыны саған үлкен тәжірибе берді деп есептейміз. 2028 жылы АҚШ-та өтетін олимпиадада Маша топ жарады деген сеніміміз бар, - деді БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин.
Спортшы жарыс барысы туралы айтып берді.
– Олимпиадалық емес 1000 және 500 метр қашықтықта сайысқа түстім. Оңай болған жоқ. Чемпионатта біз додаға түскен күні күн райы қолайсыз болды. Біраз қиындық келтірді. Дегенмен жеңіске ұмтылдым. Бұл осы маусымдағы соңғы жарыс. Демалып келесі жылдың маусымына дайындықты бастаймын, - деді Мария.
zhaikpress.kz