27.02.2021, 10:59
Оқылды: 20

Батысқазақстандықтар республикалық "Қайырымдылық керуені" байқауының жеңімпазы атанды

Кеше Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында республикалық "Қайырымдылық керуені" байқауының қорытынды шарасы өтті. Шараға идея авторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Тұңғыш Президент Н. Назарбаев атындағы қоғамдық қордың директоры Дариға Назарбаева, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

20210227_104425

Осы байқауда бірқатар батысқазақстандықтар марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, туған ауылына медициналық пункт, жас мамандар үшін тұрғын үй салып, су құбырын жүргізіп, кіші Отанының көркеюіне өз қалтасын 32 млн теңге жұмсаған атымтай жомарт Нұрлыбай Жолдыбаев "Туған жер" аталымы бойынша дипломант атанды.

2020 жылдың қазанында Жәнібек ауданында болған оқиға елдің есінде шығар. Үш бірдей бауырын жалыннан алып шыққан 16 жасар Дана Өтебаеваның ерлігі баспасөз бетінде жазылды. Дана Өтебаева кеше "Батыл жүрек" номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Оған алтын медаль мен "Оқжетпес" емдеу - сауықтыру кешеніне жолдама табыс етілді.

Конкурстың "Қайырымдылық тарихы" аталымы бойынша елдегі бұқаралық ақпарат құралдары арасынан Сырым аудандық "SYRYM eli" қоғамдық - саяси газеті жеңімпаз атанды. Редакцияға да Д.Назарбаеваның қолы қойылған арнайы диплом мен алтын медаль және "Оқжетпес" емдеу - сауықтыру кешеніне жолдама табыс етілді. Жүлдені газет редакторы Бауыржан Ширмединұлы "Хабар" агенттігінің АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Бекхожиннің қолынан алды.

- Бұл марапат газетке қайырымдылық жұмыстарымен айналысқаны үшін беріліп отыр. Егер оқырмандардың қолдауы, жомарт азаматтардың демеуі болмаса, біз бұл жетістікке жетпес едік. Бауыржан Момышұлы "Мен істедім дегенше, ел істеді десейші" - дегендей, бұл марапат - оқырманның, елдің марапаты. Біз тек мұқтаждардың мұңын жеткіздік, оларға көмектескісі келетін адамдарға көмектестік! "SYRYM eli" көмегін тоқтатпайды. - дейді газеттің редакторы Бауыржан Ширмединұлы.

Шараны негізгі ұйымдастырушысы Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының БҚО бойынша төрайымы Жансұлу Төремұратованың айтуынша, Дариға Назарбаева жетекшілік еткен конкурс комиссиясына ел бойынша барлығы 667 жоба түскен. Соның 35-і Батыс Қазақстаннан ұсынылған. Барлық үміткерге алғыс хат жолданатын болады.

"SYRYM eli"

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале