24.10.2023, 16:45
Оқылды: 12

«Ақжайық» пен «Ақтөбе-жас» ойыны: Бауыржан мен Мейрам үміт отын жақты

Биылғы футбол маусымын бірінші лигада өткізген «Ақжайық» соңғы тур алдындағы матчын өз алаңында «Ақтөбе-жас» футбол клубына қарсы өткізді.

футбол (1)

Маусым ортасындағы сүреңсіз ойындар салдарынан жоғары топқа шығар мүмкіндікті алыстатып алған Игорь Прохницкий жігіттері соңғы ойындарын қалай да жеңіп, астаналық «Жеңіс» командасының сүрінгенін тілеуде. Қалай да жеңуіміз керек деген ұстаныммен алаңға шыққан оралдық жігіттер шабуылға лап қойды. Қонақ команда соны күтсе керек? Қорғанысын қымтап, қарсы шабуылға ден қойды. Бірінші тайм ортасында қызу қанды «Ақжайық» ойыншысы Роман Чирков допқа талас кезінде ереже бұзып, төреші оған қызыл қағаз көрсетті.

футбол (3)

Бір ойыншыға кем ойнаса да «Ақжайық» футболшылары шабуылын тоқтатпады. Тайм түгесер шақта айып добын сәтті орындаған «Ақжайық» капитаны Бауыржан Омаров есеп ашып, командасын алға шығарды. Екінші таймда да дүркін-дүркін шабуылдаған Жайық бойының аяқдопшылары есепті 2:0 етті. Бұрыштамадан көтерілген допқа өзгеден бұрын жеткен ардагер ойыншы Мейрам Сапанов ойын снярадын қарсылас қақпасына шегедей қадады. Ең болмаса, бір гол соқсақ деп алға ұмтылған қонақ команданың қателігін тамаша пайдаланған Микола Агапов есепті 3:0-ге жеткізді. Қонақтар ойын соңында бір гол соқты. Қорытынды есеп, 3-1 «Ақжайық» жеңіске жетті. Осы ойынмен қатар өткен матчта «Жеңіс» шымкенттік «Қыран» командасымен тең түсті.

футбол (2)
Соңғы тур алдында жоғары топқа шығуға мүмкіндік беретін үшінші орында орналасқан «Жеңіс» пен төртінші орындағы «Ақжайық» арасындағы ұпай айырмасы үшке дейін қысқарды. Оралдықтар келер маусымды премьер лигада өткізгісі келсе, соңғы турда семейлік «Елім-ай» футбол клубын қалай да жеңіп, «Жеңістің» «Академия Оңтүстік» клубынан ұтылғанын тілеуі керек.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

футбол (4) футбол (5) футбол (6) футбол (7)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале