Орал қаласының БҚАТУ дәрісхана залында халықаралық Beginit Central Asia by inDrive жобасының іріктеу туры өтті. Бұл бағдарлама оқушылар арасында жас әлеуметтік көшбасшыларды тәрбиелеуге және өңірлердегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған.
Күні бүгінге дейін бұл жобаға Қазақстанның 10 өңірінен 800-ден аса оқушы қатысуға өтініш білдірген. Олардың дені – 10-сынып оқушылары. Олар мұнда көшбасшылық қабілеттерін дамытып, өз идеяларын әлеуметтік жобаға айналдыруды үйренеді. Алты кезеңнен тұратын жоба келер жылы маусым айында тәмамдалады деп жоспарланып отыр.
Оған дейін онлайн білім беру курстары, Алматыда өтетін жартылай финалистерге арналған оқу лагері, оқушылардың өз жобасын іске асыру және Астанада қорытынды кеш ұйымдастырылады.
Бұл жоба жас талапкерлерге ҰБТ-ға дайындық курстарын өткізіп, шетелдік inVision U университетіндегі Foundation year бағдарламасына грант алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталмыш университет «Экология, экологиялық зерттеулер», «Антропология, психология, әлеуметтану», «Мемлекеттік саясат және экономика», «Маркетинг және РR» секілді бейіндік бағыттарда білім береді. Қазіргі таңда inDrive компаниясы ұсынған Beginit жобасы Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан және Нигерия елдерімен тығыз байланыс орнатып, ондағы оқушылармен әртүрлі сабақтар өткізіп жатыр.
БҚАТУ дәрісхана залында өткен іріктеу турында 100-ден астам оқушы бақтарын сынады. Оларға қолдау білдіру үшін ата-аналары мен мұғалімдері қатысты. Іс-шараға Beginit Central Asia by inDrive жобасының үйлестірушісі Самат Саяқов, Оралдағы Astana Hub өңірлік менеджері Омар Ташим жобаның оқушыларға берер пайдасы туралы әңгімеледі.
«Біздің мақсатымыз – өңірлерде позитивті өзгерістерге бастамашы болуға әлеуеті бар жасөспірімдерді анықтап, бағыт беріп, жол сілтеу. Біз жас өрендерге өз идеяларын жүзеге асырып, қоршаған ортаны жақсартуға көмектесуге тырысамыз», – деп атап өтті жоба ұйымдастырушысы Самат Саяқов.
Іріктеу туры барысында оқушылар көшбасшылық қасиеттерді анықтауға бағытталған танымдық тапсырмаларды орындап, әлеуметтік көшбасшы рөлін зерттеді. Қатысушылар өздерінің идеяларын бөлісіп, әлеуметтік жобаларды талқылады және тестілік тапсырмаларға жауап берді. Кезең нәтижесінде үздік деп танылған оқушылар бағдарламаға әрі қарай қатысуды жалғастырды.
Келесі кезеңде оқушылар білім беру модулінен өтіп, әлеуметтік көшбасшылық негіздерін үйреніп, өз өңіріндегі өмірді жақсартуға бағытталған жобаларын әзірлей бастады. Таңдаулы жобаларымен көзге түскен тапқырлар жоба серіктесі Astana Hub-тың инновациялық орталықтарына бару мүмкіндігіне ие болды.
– Astana Hub – өңірдегі IT қауымдастығын дамыту орталығы. Біз түрлі тегін білім беру жобаларын жүзеге асырамыз, питчингтер, воркшоптар мен хакатондар өткіземіз, стартаптарды іске қосуға көмектесеміз және IT, бизнес пен мемлекет арасында коллаборация жасаймыз. Біздің өңірде Beginit жобасының жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымыз, бұл біздің балалар үшін өздерін танытуға, өзіндей дарынды балалармен танысып, армандарын іске асыру жолында бірігіп күш салуға тамаша мүмкіндік. Beginit бағдарламасы аясында біз қатысушыларға әртүрлі идеялар талқылайтын алаң ұсынып, жоба дайындауға қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз. Тіпті, біздің тарапымыздан менторлық қолдау да көрсетіледі, – деді жоба жетекшісі Омар Ташим.
Beginit Central Asia by inDrive әлеуметтік білім беру бағдарламасы оқушыларға инновацияға бағытталған қауымдастықтың бір бөлігі болуға, әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін әртүрлі құралдарды пайдалануды үйренуге, өз жобасын іске асыруға бірегей мүмкіндік береді. Өткен жыл қорытындысы бойынша облысымыздан төрт оқушы Алматыдағы оқу лагеріне қатысып, шетелдік мамандардан дәріс алып, білімдерін жетілдірген. Оларға жоба ұйымдастырушылары ҰБТ-ға дайындық курстары мен ноутбуктер тарту етіпті. Ал өзге өңірдің қатысушылары шетелге саяхаттау сертификаттарын жеңіп алған.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz