Қазақстандық, әлемнің 302-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Шанхай (Қытай) мастерс турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Фото: ktf.kz
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, бұл — Ақтау теннис мектебінің түлегі, 22 жастағы Бейбіт Жұқаевтың спорт жолындағы алғашқы мастерс жарысы еді.
Іріктеу сайысынан кейін негізгі жарысқа өткен Бейбіт бірінші айналымда әлемнің 252-ракеткасы, италиялық Стефано Наполитаномен кортқа шықты. Қазақстандық теннисші 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Бейбіт Жұқаев үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен кездеседі.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған, дүниежүзілік рейтингте 245-орында Михаил Кукушкин бастапқы кездесуін әлемнің 81-ракеткасы, франциялық Александр Мюллермен сәтті өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте франциялық спортшы 7:6 (8:6) есебімен басым түсті. Дегенмен содан кейін Кукушкин ойын тізгінін өз қолына ала білді – 6:3, 6:2.
Михаил Кукушкин екінші айналымда әлемнің 33-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванспен шеберлік байқасады.