14.03.2022, 17:00
Оқылды: 124

Береке басы - бірлікте

Бүгін Көрісу мерекесіне орай Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында облыс әкімі Ғали Есқалиев ақсақалдармен, еңбек ардагерлерімен кездесті.

7

Іс-шара қатысушылары, ең алдымен «Ағалар әуені» халықтық вокалдық ансамблі мен «Нарын сазы» вокалдық тобының әнін тыңдады. Ұлттық киім киген мектеп оқушылары үлкен кісілермен көрісті. Қонақтарға ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды.

2

– Көрісу – қазақтың қыстан аман шыққанына шүкіршілік етіп, қуанатын мейрамы. Әрине, бұл мереке қол алысып, көрісумен ғана өлшенбейді. Наурыз мерекесі алдында халық мәре-сәре болып, адамдар арасындағы бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу – жанашырлық пен қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз бұл салтты өшірмей, дамыта түсуге міндеттіміз. «Дәстүрін дәріптеген ел тозбайды» демей ме, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін кейінгі ұрпаққа ұғындырумыз керек, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

9

Өз кезегінде еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, БҚО ҚХА казак этномәдени бірлестігінің мүшесі Александр Ялфимов, БҚО ҚХА «Еднання» украин этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Лариса Григорьева жиналғандарды мерекемен құттықтап, татулық пен ауызбіршіліктің, бейбітшіліктің және амал мерекесінің маңызы жайында сөз қозғады.

11

Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсот Берген:

– Судай таза бол,

Жердей берік бол,

Өмірің ұзақ болсын,

Айналаң суат болсын!

Айтқан сөзің халқыңа қуат болсын!

Уа, халайық!

Түндерің тыныш болсын,

Үйлеріңе ырыс қонсын!

Елде тыныштық, бірлік болсын,

Дастарханыңыз мол болсын!

Шаңырағыңызға ақ ниетті адамдар келіп,

Алла Тағала амандық берсін!

Бүкіл бәле-жаладан Аллам өзі сақтасын! – деп бата қайырды.

12

Іс-шара «Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу» атты мерекелік концертке ұласты. Концертте Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен «Атамекен» өнер орталығы жанынан құрылған «Жастар» театрының әртістері, Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері көрініс қойды.

17

14

6

Басқа да өнерпаздар ән айтып, би биледі. Көрісу мейрамын ұлықтаған көрініс кейіпкерлері көрермендерге керемет көңіл күй сыйлады.

5

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале