22.08.2022, 9:14
Оқылды: 109

«Бес адамның өмірін жалмаған оқиғаға айыптының жазасы бес-ақ жыл ма?..»

Биылғы жыл басынан бері жантүршігерлік жол-көлік оқиғалары тым жиілеп кетті. Екі күннің бірінде күрежол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойына мүгедек болып қалып жатыр. ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты статистика комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің аумағында 5626 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1493 адам беймезгіл опат болып, 12917 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Бұл – жеті айдың ішіндегі статистика.

IMG-20220821-WA0005

Ал тәуелсіздік алған жылдардан бері әлденеше мыңдаған адам жол апатынан қайтыс болғаны айдан анық. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының кесірінен мүгедек болып қалғандар қаншама?! Ал біздің өңірде биылғы жеті ай ішінде 164 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 56 адам қаза тауып, 203 тұрғын жарақат алған. Бұл туралы облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Мирхат Әженов айтты. Бұл таңырқап, таңғалатын дүние емес, жүрегіңді шаншытатын сұмдық көрсеткіш қой! Иә, айдың күні аманда тасжолда талқаны шығып, татар дәмі таусылып, келместің кемесіне мініп кеткендердің аз еместігі арқамызға аяздай батады. Сондықтан да жол апаттарының алдын алмасақ, қара жолдың қателікті кешірмейтініне көзіміз жетіп келеді. Қазір ірі жол апаттарының жиі орын алатынына етіміз үйренгені соншалық, жол-көлік оқиғасынан бес-алты адам қатарынан қайтыс болыпты десе де, селт етпейтін болдық. Өкінішке қарай, жол апаты салдарынан қайтыс болатындардың көбі – өрімдей жастар. Еңбекке қабілетті, тепсе темір үзетін жаста ажал құшатын жастарға араша тұрмасақ, соғыссыз-ақ ойсырайтын түріміз бар. Өйткені жол апаты салдарынан қайтыс болатындардың саны соғыс құрбандарынан да асып бара жатқанын сарапшылар соңғы кездері жиі айта бастады.

«Әділдік іздейміз!»

Әдеттегі жұмыс күндерінің бірі еді. Есіктен қос бірдей әйел-ана кіріп келмесі бар ма. Амандық-саулық білген соң, негізгі мән-жайды сұрауға көштім. Жанарлары жасқа толған, көңілдері құлазыған, егіліп-елжіреген қос ана облыстық «Орал өңірі» газеті ұжымына арқа сүйеп, әділдік іздей келіпті. Қалың оқырманға түсінікті болуы үшін Орал қаласының тұрғыны Ұлболсын Бисенғалиеваның айтқан уәжін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

– «Ат тұяғын тай басар» демекші, әкеден қалған із, Алладан сұрап алған жалғыз ұлым Ұланым барда бәрі басқаша, өмір дегенің мәнді де сәнді еді. Бақытты едік, бала-келінімнің, немерелерімнің тілеуін тілеп, алаңсыз жүру-ші едім. Ұланым еңбекқор, бауырмал, ағайын-туысқа қамқор азамат болатын... Дәл бұлай болады деп кім ойлаған? Көз алдыңда шауып жүрген адамнан қапыда айырылып қаламыз деп мүлде ойламаппын. Дегенмен, тағдырдың жазуына шарамыз бар ма?.. Амал жоқ көнеміз. Көнбегенде, не істей аламыз?  Алла ауыр сынақ берсе, оны көтеріп жүру де жеңіл емес екен бізге. Басынан бастап баяндайын. Сай-сүйегімізді сырқыратып, есімізді есеңгіретіп кеткен бұл оқиғаны ел-жұрт әлі де ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын.

Биылғы жылдың алғашқы күні, яғни 2022 жылдың бірінші қаңтары еді. Бұл күнді ойға түсіріп, қайта еске алу мен үшін өте ауыр. Алайда  «ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, іштегі бар қайғы-шерімді бүкпей айтуды құп алып отырмын. Сонымен, қақаған аяз қаңтардың бірі күні шаңырағымның тірегі, жан-жүрегім, жалғыз ұлым Ұлан Баесов және жүкті келінім Гүлмира Меңдіғалиева, 3 немерем – Әкежан Оразай, Нәзік Оразай, Әлижан Оразай, құда балам Азат Ермекбаев, жүргізуші Мейрамбек Кеңесов, барлығы жеңіл аутокөлікке жайғасып, Орал қаласынан Сырым ауданына сапарға шығады. Сол кезде Теректі ауданының аумағында жол-көлік оқиғасы орын алады. Дәлірек айтсам, біздің бала-келін отырған, өзінің жолымен, жөнімен келе жатқан көлікке «Toyota Land Cruiser Prado» тізгіндеген Роман Беккарнаев есімді азамат ауыр жүк көлігіне екі қайтара соғылып, сосын біздің балалар мінген көлікті қарама-қарсы келіп соғады. Сөйтіп, айтуға ауыз бармайтын қайғылы оқиғаға себепші болады. Апатты жағдай болған жерде ауыр дене жарақатынан   ұлым Ұлан, келінім Гүлмира, құда балам Азат, немерем Әлижан, жүргізуші Мейрамбек тіл тартпай кетеді. Аман қалғаны тек екі немерем.

Оқиға болған кезде көлі-гінің руліне ие бола алмаған Р. Беккарнаев жүк көлігінің жүргізушісіне ақша ұсынып, «Полиция келгенше, көрінбей кетіп қал» деп жалынады. Дегенмен, оның қитұрқы
ойы жүзеге аспайды. Сол кезде ауыр жүк көлігін тізгіндеген Беларусь Республикасының азаматы оның берген ақшасын алмай, адал сүт емген жан екенін танытып, оқиғаға бастан-аяқ куә болды. Осынау жол-көлік апатына байланысты Теректі ауданында екі рет сот отырысы өтті. Үшінші отырыс онлайн өтеді, қосамыз деп, бізді қоспады. Шешім шықты. Қарайған адамның қанын мойнына жүктеген қылмыскерге бар болғаны бес-ақ жыл ғана берді. Бес жыл дегенің не тәйірі? Сонда адамның өмірі, тағдыры ойыншық па оларға?! Бір отбасын ойсыратып, мені, ананы зар илетіп, орны толмас қайғы-қасіретке душар қылып, шаңырағын шайқап, қаршадай екі баланы тұл жетім қылып, ананы жалғыз ұлынан айырып, боздатып қойған қылмыскерді қатаң жазаламау әділдікке жата ма? Бес адамның өмірін жалмаған оқиғаға айыптының жазасы бес-ақ жыл ма? Сонда айдың күні аманда жол үстінде қырыла беруіміз керек пе?

Біз Теректі аудандық сотының шешімімен мүлде келіспейміз! Сендерде ет пен сүйектен жаралған адам емессіңдер ме? Айналайындар, бізге әділдік керек! Ардан аттамаңдар! Арғы жақта Алланың жазасы ауыр болатынын ұмытпаңдар! Бұл Қазақстанда АҚИҚАТ, ӘДІЛДІК, ШЫНДЫҚ бар ма өзі? Бізге кім, қалай көмектесе алады?.. – деп Ұлболсын Бисенғалиева жанарын жасқа малып, ашына сөйледі.

 Тоғыз бала жетім қалды

Әрине, әлгіндей қайғы-қасіретті Құдай ешкімнің басына бермесін. Десек те, тас түскен жеріне ауыр ғой. Бізге шағымданып келген Индира Меңдіғалиева да сот шешіміне ызалы. Жоғарыдағы жол-көлік апатында оның өмірлік серігі Азат Ермекбаев бақилық болды. Марқұмның соңында әкелерін өмір бойы аңсайтын төрт перзенті қалды. «Р. Беккарнаевқа әділ жазасын бермеді» деп Теректі аудандық сотының үкімімен Индира да мүлде келіспейді. Себебі ел айыпты Р. Беккарнаевқа тым жеңіл-желпі жаза тағайындалды деп санайды.

IMG-20220821-WA0006

– Жазықсыз бес адамның ғұмырын ойда-жоқ жерде қиып, тоғыз баланы әкесіз жетім қалдырған айыпты Р. Беккарнаевты бес жылға ғана соттау ақылға сыймайды. Оның тарапынан әлі күнге дейін ешқандай көмек те, жәрдем де болған жоқ. Ең сорақысы, қылмыскер 2018 жылы жүргізуші куәлігінен айырылып, төрт жыл бойы көлікті заңсыз жүргізіп, заң талаптарын өрескел бұзып келген. Р. Беккарнаевтың қылмысын қасақана жасалған қылмыс деп санаймын. Өйткені оның көлік жүргізу куәлігі мен сақтандыру полисі жоқ екенін біле тұра, көлік жүргізуге отыруы әдейі құқықбұзушылыққа барғанын айғақтайды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасынан кейін қылмыскер тарапынан ешкім кешірім сұрап келген де жоқ. Материалдық көмек те ұсынбады. 23 маусым күні Орал қаласында біздің апелляциялық шағымдарымыз негізінде облыстық сот отырысы өтті. Сот отырысына судья А. Ізбасаров төрағалық етті. Бұлар да әділдік іздеген үмітімізді су сепкендей сөндірді. Шешімді Теректінің соты қалай шығарса, дәл солай қалдырды. Бізді мұндай үкім қанағаттандырмайды. Содан істі қайта қарауды ҚР Жоғарғы сотына ұсындық. Жақында Нұр-Сұлтан қаласына барып келдік. Жоғары сот өкілдері аталмыш қылмыстық істі қайта қарайтындарын, жіті тексеріс жүргізетіндерін айтты. Әзірге көңілге сол медеу ғана. Әділ шешім шығарады деп сенеміз. Жаңа Қазақстанда әділдік салтанат құрады деп ойлаймыз. Халық қара қылды қақ жарады деп сенген соттардың өзі дұрыс шешім шығармаса, қалталының ығына жығылса, онда бәрі бекер. Ел болуымыз екіталай ғой, – дейді Индира Меңдіғалиева.

Алтынбек Серікқалиұлы,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале