31.10.2024, 11:00
Оқылды: 82

Бес нысан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің бақылауында

Батыс Қазақстан облысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасында тоғыз маңызды бағыт айқындалған. Бұл – жер қатынастары, әлеуметтік сала, жолдар мен инфрақұрылым, экология, агроөнеркәсіптік кешен, бизнесті қорғау мәселелері, жы­лу электр стансалары, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер, сондай-ақ проблемалық құрылыс нысандары.

c592dc79-778d-4a29-b6ea-841cb5f43d44

Жақында өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуров аталмыш картаны іске асыру шеңберінде департамент жұмысының нәтижелерімен таныстырды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы – өңірдің нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған негізгі бағдар. Бүгінде бұл «індеттің» салдарымен күресуге емес, оның алдын алуға және себептерін жоюға жіті көңіл бөлінуде. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты проблемалық мәселелерді шешу жұмыстары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау призмасы арқылы жүргізіледі.

– Картаға енгізілген жер қатынастары саласы – ең өзекті және серпінді дамып келе жатқан салалардың бірі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға жоғары кезектілік саласындағы мониторинг нәтижелері бойынша департаменттің ұсынысымен Бөкей ордасы, Жәнібек, Ақжайық, Жаңақала, Бөрлі, Сырым және Қаратөбе аудандарында тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға арналған тізімдерге түгендеу жүргізілді. Түгендеу нәтиже­сінде аудандар мен Орал қаласында құрылыс үшін 1080 бос учаскенің тізімі жасалды. Жер учаскелерін алу кезегі 3000 адамға азайтылды. Заңсыз берілген 26 учаскені қайтару туралы нұсқама беріліп, оның 8-і қайтарылды. Департамент бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуді үнемі қадағалап отырады. Мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыруға бюджет қаражатын тиімді жұмсау мониторингінің нәтижесінде балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі қызметтерге қатысты аудандық білім бөлімдерімен жасалған шарттарда балалардың нақты саны көрсетілмейтіні анықталды. Бұдан бөлек жекеменшік балабақшаларды бюджеттен қар­жыландыру санитариялық-эпидемиологиялық қорытын­ды негізінде белгіленген жобалық қуатқа сәйкес емес, осы ұйымдар дербес толтыратын және білім бөлімдеріне беретін табельдерде көрсетілген тәрбиеленушілердің саны бойынша жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде балалардың қатысуын есепке алуды цифрландыру бойынша жоба әзірленіп, жуырда іске асырылмақ, – деді Әділхан Бәделханұлы.

Спикер қоғамның әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты жиі сын айтылады, көптеген нысан бойынша тапсыру мерзімі бұзылады және бұл сыбайлас жемқорлық қаупін туғызатынын баяндады. Біздің облыста осындай 5 нысан бар екен және жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында департамент оларды бақылауға алып, жымқыруға жол бермеу, құрылыстың уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысын сүйемелдеумен қатар, «Бизнеске жол» жобасы жүйелі іске асырылуда. Жоба кәсіпкерлерді қолдауға және өңірде қолайлы бизнес-орта құруға бағытталған. Бұл жоба аясында 700-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, жыл басынан бері 150-ден астам кәсіпкер қолдау-көмек алған. Өңір кәсіпкерлерінің ең өзекті мәселелері жер құқықтық қатынастары, мемлекет­тік сатып алу және салықтық әкімшілендіруге қатысты еке­нін де атап өткен баяндамашы таяуда оңтайлы шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. 

– Жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша субсидиялары уақтылы төленбеген 53 шаруашылық белгіленді. Департаменттің ұсынысымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шаруа қожалықтарының басшыларына 2 млрд теңгеден астам сомаға субсидия төледі. Сонымен қатар өті­нім беру мерзімдеріне байланысты кезектілік тәртібімен субсидиялар төлеу тәжірибесі енгізілді. Айта кететін жайт, егер кәсіпкерлер бизнес жүргізуде белгілі бір  әкімшілік кедергілерге тап болса, департамент қызметкерлері оларды шешу жолдарын табуға көмектесуге дайын. «Antikor оrtalyǵy» Орал қаласы, Құрманғазы көшесі, 89/1, 2-қабат мекенжайында орналасқан. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген дерегі бойынша азаматтар тәулік бойы жұмыс істейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына, яғни тікелей біздің департаментке жүгіне алады. Сондай-ақ осындай деректер­ді хабарлаған азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы төленетінін еске саламын, – деді Ә.Сабуров.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале