Облыстық полиция департаменті тұрғындарға қоғамдық орындарда адамның жеке басын тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты заңнама талаптарын тағы бір мәрте еске салады. Осыған байланысты түсіндіру жұмыстары облыс орталығындағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде ұйымдастырылды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері азаматтарға қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киімдер мен аксессуарларды киюге тыйым салынатынын түсіндірді. Атап айтқанда, никаб, бурка, балаклава және адамның бет-әлпетін тануды қиындататын өзге де заттарды пайдалануға шектеу қойылған.

Сурет: istockphoto.com
Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай талаптар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және бейнебақылау жүйелері арқылы тұлғаларды сәйкестендіру тиімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар заңнамада бірқатар ерекшелік қарастырылған. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда маска тағуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райында, қызметтік міндеттерді орындау кезінде немесе спорттық, мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысу барысында бет жабуға рұқсат етіледі. Бұл шектеулер егер адамның бет-жүзі ашық болса, дәстүрлі, ұлттық және діни киімдерге қолданылмайды.
Құқық қорғау құрылымдары талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Алғаш рет тәртіп бұзған азаматтарға ескерту жасалса, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. БҚО полициясы тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге түсіністікпен қарауға шақырды.
zhaikpress.kz