31.12.2025, 10:00
Оқылды: 91

Биіктерді бағындырған БҚАТУ спортшылары

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде болашақ мамандығын игере жүріп, спортты жанына серік еткен білім алушылар аз емес. Олар облыс, ел намысын лайықты деңгейде қорғап, үлкен белестерді бағындырып үлгерді.

2 (1)

Жәңгір хан университетінде ауылшаруашылығы, экономика салаларымен қатар гуманитарлық, спорттық және әскери дайындық бағытында да мамандар даярлайды. Олардың арасында  республикалық және әлемдік додаларда өңір намысын қорғап жүрген спортшылар аз емес. Күні жылды түйіндеген облыстың спорт саласы университетіміздің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметовті «Спорт жанашыры» деген аталымға лайықты деп тапты. Бұл марапат облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған салтанатты шарада университет проректоры Ақылбек Сұлтановқа табысталды. Ал «Жыл жаңалығы» номинациясына ие болған әйелдер күресінен ҚР спорт шебері Зейнеп Баянова – біздің университетіміздің түлегі. «Олимпиадалық үздік спортшы» атанған байдарка мен каноэ есуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мария Бровкова – 4-курс студенті.

1 (1)

Енді биылғы оқу жылындағы спорт саласы бойынша жетістіктерімізге тоқтала кетсек, студентіміз, танымал спортшы, каноэ мен байдаркадан облыс құрама командасының мүшесі Мария Бровкова Түркістан қаласында өткен ҚР Жастар ойынында 1000 метр қашықтықта жеңіске жетті. Мейірім Айғали есімді студентіміз «Ақ бидай-2025» VІІІ республикалық ауыл спорты ойындарында 82 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Осы жеңісті жолдарды жалғастырған университет спортшылары Алматы облысында өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ҚР чемпионатында БҚО құрамасымен бірге қол күресінен жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсақ, Рүстем Жәдігер (60 келі) күміс жүлдені еншілесе, Мерей Талапқали (65 келі) мен Дильназ Абунагимова (80 келі) қола жүлдеге қол жеткізді. Талдықорған қаласында ересектер арасында өткен жүзуден ҚР чемпионатында студентіміз Данил Андросов еркін жүзу сайысында (1500 м) қола жүлдеге ие болды. Орал қаласында өткен шорт-трек спортынан ҚР кубогінде студенттеріміз Гүлдана Жалмұхан (500м, 1500м), Мадияр Мадихов (1500м), Мейіржан Төлеген (1000м) жеңімпаздар қатарынан көрінді. Сондай-ақ 2007-2008 жылы туған қыздар арасындағы волейболдан ҚР күзгі чемпионатында Орал құрама командасының мүшелері София Давлеткалиева, Дарья Авдеева, Алина Камалединова, Карина Джексенова, Алина Пайль да намысты қолдан бермеді. Атырау қаласында ересектер арасында өткен «Жоғарғы лига» ҚР ХХХІV чемпионатының І турының қорытындысы бойынша «BQO-ARLANS» баскетбол клубының негізгі ойыншылары, БҚАТУ студенттері Батырұлан Бижан, Мағжан Сайлау, Мансур Сейлхан, Арсен Батенов, Теміржан Мурзагалиев, Алишер Жолдығалиев І орын алды. «Ауыл» партиясы ұйымдастырған «Ауыл ойындары-2025» республикалық турнирінің Астана қаласында өткен финалдық кезеңінде арқан тартыстан спортшыларымыз Алинур Амангелдиев, Ерген Қүлшетұлы, Арман Абдолла, Бекарыс Орынғали, Шапағат Тлеуғали, Еркінбек Жетібаев жеңіске жетсе, қазақ күресінен палуанымыз Сұлтанбек Қайырмұханбет қола жүлдені қанағат тұтты. Щучинск қаласында волейболдан U21 жас аралығында өткен ҚР ХХХІV чемпионатының ІІ турында Jaiyq-2 құрама командасының ойыншысы, студентіміз Мансур Ізбасаров «Үздік ойыншы» аталымымен марапатталды.

Тағы бір мақтанышымыз – Қазақстан атынан жасөспірімдер құрамасының мүшесі Арнур Тапишев Польшада өткен YONEX Polish International U19 халықаралық юниорлық турнирінде 128 спортшының арасында үздік 16 спортшының қатарына кірді. Ал Астана қаласында өткен шорт-тректен Әлем кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан құрамасының мүшелері, БҚАТУ студенттері Мейіржан Төлеген мен Гүлдана Жалмұхан ел намысын лайықты қорғап, чемпион атанды. Қытайдың Хайнин қаласында өткен гір спортынан Әлем чемпионатында спортшымыз Виталий Бырко ұзын цикл жаттығуында +85 келі салмақ дәрежесінде Әлем чемпионы атанды.

Бүгінгі таңда университетімізде спортшылардың оқудан бос уақытында спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Университеттің «Сұңқар» спорттық клубы 2008 жылдан бері білім алушылар мен оқытушылар және қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортты жандарына серік етуіне ықпал етіп келеді. Білім алушылар арасында салауатты өмір салты тұжырымдамасын іске асыру мақсатында спорттың баскетбол, волейбол және футзал түрлері бойынша студенттік лигалар өткізіледі. Жастармен жұмыс жүргізудегі перспективалық бағыттардың бірі ретінде университет қабырғасында 12 спорт  түрінен (волейбол, футбол, баскетбол, қазақ күресі, қол күрес, гір спорты, үстел теннисі, фитнес, бокс және спорттық бағдарлау) спорттық секциялар ашылды. Спорт кешеніндегі интелектуалды, үстел теннисі, фитнес, тренажер, бокс, күрес және атлетикалық залдарды студенттер мен қызметкерлер оқу-жаттығу үрдісіне пайдаланады. Сонымен қатар бес жыл бұрын бой көтерген «Жәңгір хан» спорт кешенінде де салауатты өмір салтын ұстанамын деген жандар үшін футзал алаңы, күрес және көркем гимнастика, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған жаттығу залдары қолданысқа берілді. Оған қоса футбол, баскетбол, шағын футбол алаңдары бар стадион салынды. Ал биылғы оқу жылында спорттық ойын түрлеріне арналған залдардың бірі күрделі жөндеуден өтіп, спорттық үйірмелер өз жұмыстарын жалғастыруда.

3

Біз осы оқу жылының алғашқы жартыжылдығындағы жетістіктерімізді ғана тізбеледік. Алдағы уақытта жеңісті күндеріміз бен жүлделеріміз көбейе түсері сөзсіз.

Руфат Сатвалдиев,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ оқытушысы,

жаттықтырушы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале