27.08.2026, 9:00
Оқылды: 7

Білім ұялары сақадай сай ма?

Жақында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2026-2027 оқу жылына дайындық барысы» тақырыбында брифинг өтті. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова білім беру саласының жаңа оқу жылына дайындық барысы мен негізгі өзгеріс туралы ақпарат берді.

RSK-kor-Akzharkyn-Temirxanova-e1771937785324

Спикер алдымен оқу аптасы мен тоқсандық демалыс жөнінде айтып өтті. Оның мәлімдеуінше, облыста барлығы 382 мектепте 128 мыңнан аса оқушы білім алмақшы. Биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 11 190 бала қабылданса, оның 77%-ы қазақ тілінде білім алады. Балаларды мектепке қабылдау 31 тамызға  дейін  жалғасады.

– Жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті бюджет есебінен жалпыға бірдей білім беру қорынан (оқушыға кеңсе тауары, мектеп формасы, спорт киімі, аяқ киім т.б.) 416 млн теңге қаражат қарастырылып, әр балаға 50 581 теңгеден ата-ананың есепшотына қаражат аударылды. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларды жаңа оқу жылына дайындау бойынша тиісті жұмыс атқарылуда. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған яки көпбалалы отбасыдан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетіліп жатыр. 1 тамыздан бері 978 балаға 11,2 млн теңге көлемінде қаржылай демеу көрсетілді, – деді Ақжарқын Темірханова.

«ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік жобасы негізінде салынған жалпы сыйымдылығы 624 оқушы орнын құрайтын 8 мектеп құрылысы (Ақжайық ауданы Үштөбе, Кеңсуат ауылдарында 60 орындық, Бәйтерек ауданы Озерный ауылында 108 орындық,  Жәнібек ауданы Жәнібек, Ұзынкөл ауылдарында 108 орындық, Қаратөбе ауданы Сәуле ауылында 60 орындық, Сырым ауданы Құспанкөл ауылында 60 орындық, Тасқала ауданы Айнабұлақ ауылында 60 орындық) аяқталған. Аталған мектептерді салуға 11,75 млрд теңге қаржы жұмсалды.

А. Темірханова мектептердегі заманауи пәндік кабинеттерді жабдықтау жұмысы жөнінде сөз қозғады. Облыс бойынша жаңадан пайдалануға берілетін сегіз шағын жинақты мектепті оқу құралдарымен толық қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Айта кететін жайт, аталмыш сегіз мекеме үшін 24 пәндік кабинет қарастырылған.

2026-2027 оқу жылында оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 3 миллиард 115 миллион теңге бөлінді.

Білім беру мазмұнын жаңарту аясында 1-4-сынып бағдарламасына «Цифрлы сауат және жасанды интеллект», 5-11-сыныпты оқыту жоспарына «Информатика және жасанды интеллект» пәндері енгізілген. Сонымен қатар 5-7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарға «Заң мен тәртіп», 5-11-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» курсын оқыту қарастырылған. 2026-2027 оқу жылынан бастап 2-4-сынып бойынша бағалаудың жаңа тәсілі енгізілмек. Енді жаңа оқу жылы пән ерекшелігіне қарай: диктант, шығарма, бақылау, практика-шығармашылық, жоба, зерттеу һәм спорт тапсырмасы түрінде өтпек. Оқыту әдісіне енгізілген ең басты өзгеріс – тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) енді болмайды.

Басқарма басшысының орынбасары «Биыл бітірген, тәжірибесі жоқ жас маманның жұмысқа орналасу мәселесі қалай шешіледі?» деген сұраққа төмендегідей жауап қатты:

– Биыл бітірген жас маманның орташа балы (GPA) 3.3-тен асса, еш байқаусыз жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар (вакансия ашық болған жағдайда). Қазіргі жас маман бұрынғыдай әр мекеменің есігін қағып, табан тоздырып жұмыс іздемейді. Өйткені «Ұлттық білім беру деректер қорында» республика бойынша вакансия тізімі  әр маманға ашық. Қоғамда мұғалім мәртебесі көтерілгеннен кейін, педагогикалық мамандыққа сұраныс көбеюде. Математика, химия және орыс тілінде сабақ беретін ұстаздарға сұраныс әлі күнге дейін байқалады. Дегенмен жаңа оқу жылы басталмастан бұрын, оқу ошақтарына қандай ауданға, қай маман иесі керектігі жөнінде тізім бердік. Нәтижесінде түлектерді түрлі ауданға орналастырып, маман тапшылығы мәселесін шештік, – деді А. Темірханова.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева білім ұяларының оқушыларды қабылдауға дайындығын атап өтті. Басшы орынбасарының сөзінше, 2026 жылы 1 қыркүйектен бастап облыста департамент бақылауындағы 377 жалпы білім беру ұйымы мен 9 мектеп-интернат қызметін бастамақ. 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап ҚР мемлекеттік білім беру ұйымына қатысты айрықша бақылау мен қадағалау енгізілген. Мұның басты мақсаты – мекемеге алдын ала хабарламай, тосыннан тексеріс жүргізу. Бұл бақылау білім беру ұйымдарындағы санитариялық жағдайды, қауіпсіздікті, тамақтың құнарлығын тексеру, сауықтыру іс-шарасын ұйымдастыру мәселелерін қамтиды. Осыған орай, биыл 1 маусым – 1 шілде аралығында мемлекеттік білім беру һәм тәрбиелеу мекемелерінде мониторинг жүргізілген.

Жоспар бойынша 578 білім  ошағының  – 555-іне (оның ішінде мектеп – 357, жалға берілген ас блогі – 189, мектеп-интернат – 9) тексеріс жүргізді. Нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық талапқа сай емес мекемелер анықталып, 363 ұйғарым  шығарылды.

Ботакөз Сәбитқызы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале