Бір апта ішінде еліміздің аумағында 3 004 қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бір апта ішінде 3 004 қылмыс жасалды, оның 2 046 тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 18 кісі өлтіруді, 6 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 3 қарақшылық, 27 тонау және 449 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты»,- деді ресми өкіл ІІМ баспасөз алаңында өткен брифинг барысында.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іс жүзінде азаматтар мен мемлекет арасындағы диалог, өзара іс-қимыл және ынтымақтастыққа жаңа негіз қалатындығын айтты.
«Оның басты идеясы - азаматтардың мәселелерін есту және көру ғана емес, оларға дұрыс және объективті жауап беру, адамдармен ашық диалог жүргізе білу. Бүгінгі таңда біз тыңдаушы мемлекеттің тұжырымдамасын іс жүзінде көріп отырмыз. Қазақстандық полиция халық тарапынан түскен сауалдарға барынша жедел жауап қайтаруға, шынайы шешімдер мен жауаптар ұйымдастыруға тырысады», - деді Нұрділдә Ораз.