Жақында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ақжайық шағынауданында салынып жатқан жаңа көпір мен тұрғын үйлердің құрылысын тексерді.

Естеріңізде болса, биылғы сәуір айында Шаған өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Бұл көпір Орал қаласы мен Ақжайық шағынауданын байланыстырады. Нысанның құрылысы аяқталған соң, болашақта 70 мың тұрғын қоныстанатын жаңа шағынаудан тұрғындары шаһар орталығына көлікпен тіке қатынай алады. Айта кетелік, жоба инвесторы «ВІ Group» компаниясы болса, бас мердігер – «Казахдорстрой» ЖШС. Көпір құрылысының жалпы құны 35 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда көпірдің негізгі құрылымын ұстап тұратын тіректер орнатылуда. Жерге 15-18 метр тереңдікке қағылатын темірбетон бағаналары Астана қаласынан мердігер алдыртқан арнайы техника көмегімен тұрғызылады. Сондай-ақ бетон тіректің беріктігін нығайту үшін оның ішіне арматура енгізілмек.

Нариман Төреғалиұлы жаңа көпірдің салынуы тұрғындар үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.
– Облыс орталығы мен Ақжайық шағынауданын байланыстыратын жолдың ұзындығы 4,2 шақырым болса, оның 200 метрі көпірге тиесілі. Сәуір айында дәл осы аумақта жобаның басталуына орай уақыт капсуласын орнаттық. Бүгінде жаңа аутокөлік жолының сызбасы белгіленді. Енді жол төсемін биіктету үшін топырақ төселіп, көпірдің беріктігін қамтамасыз ететін 134 бағана орнатылады. Жаңа көпір Ақжайық шағынауданын Орал қаласындағы Ә. Молдағұлова көшесімен тікелей байланыстырады. Жоба бойынша қала аумағындағы бірнеше бизнес нысаны мен гараж сүріледі. Нысан иелерімен келі-сімшарттар жасалып, оларға тиісті өтемақы төленеді, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев мердігерге, техникалық қадағалау ұйымына және жауапты сала басшыларына құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Одан кейін өңір басшысы Ақжайық шағынауданында салынып жатқан нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты. Қазіргі кезде баспанасын «Отбасы банк» арқылы алуды көздейтін азаматтарға шағынаудан аумағынан 14 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Облыстық құрылыс басқармсының басшысы Нұркен Молдашев бұл үйлердің жобасы Астана қаласындағы сәулетті ғимараттардың үлгісі негізінде әзірленгенін жеткізді. Аталған бастама облыс әкімі-нің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асуда.
– Бүгіндері 1200 пәтерден тұратын 14 үйдің құрылысын сегіз компания жүргізуде. Жыл аяғына дейін тоғыз үй, яғни 684 пәтердің кілттері баспана кезегінде тұрған «Отбасы банк» салымшыларына табысталады. Пәтерлер бір, екі және үш бөлмелі болып жобаланды. Бір бөлмелі пәтердің аумағы – 40 шаршы метр, екі бөлмелі пәтер – 60, ал үш бөлмелі пәтердің аумағы 80 шаршы метді құрайды. Жоспарланған 14 тұрғын үйдің бүгінде екеуі тапсырылды.

Бұған дейін шағынауданда 12 үйдің құрылысы аяқталды. Қазір мұнда 3 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Биыл мұндағы тұрғындар санын 5 мыңға дейін арттыру көзделуде. Ақжайық шағынауданында тұрғын үйлерге қоса, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтермек. Жоспарланған үш мектептің біреуін салу үшін биыл мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланады. Шағынауданда салынатын алғашқы мектепте 1500 оқушы білім алады, – деді Н. Молдашев.
Басқарма басшысының сөзінше, жаңа тұрғын үйлер барлық коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, электр желісі, жылу және кәріз жүйелері құрылыс жобасына енді. Шағынаудандағы ішкі орам жолдарымен қатар, жол жиектеріне жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да салынады.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев мердігер компания басшыларымен кездесіп, құрылысқа қажет материалдарды жергілікті өндірушілерден сатып алуға шақырды. Сондай-ақ жауапты сала мамандарына құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды.
Нұрым ҒҰМАР,
«Орал өңірі»