5.04.2022, 12:15
Оқылды: 158

Бір тазы бір ауылды асырады

"Адамның болмысын тұрмысы билейді" деген шындық қой. Қазір бізге шапшаңдық өз әмірін жүргізіп тұр. Құрлық пен құрлық арасы қасқағымда байланысқа шығады. Техника түрлері көбейіп, өркениет қарыштап дамып барады. Бәрін санаға сыйғызу мүмкін еместей...

аншы

Қарапайым тірлікке келе­йік. Жүзі таныс адаммен автобус аялдамасында кездесіп қаласың, ауызыңды ашып, амандық сұрасқанша, күткен көлігің жетеді зулап. Дос-жаранмен таксиге мінсең, әне-міне дегенше баратын жерге топ ете түсіреді. Той-топырда даңғаза музыка мен заржақ асаба мезі етіп, жаныңда отырған адаммен тіл қатыса алмай, пұшайман боласың. Қонақтықта өрісті-өрелі әңгіме айтылмайды. Жиналысқа келгендей кезек-кезек сөз алып, бір-бірімізді мақтаймыз-ақ келіп. Сөйте тұра, басқосуларда жастарға тәлім-тәрбие беретін салиқалы сөздер айтылмайды деп жатамыз. Демек, өзімізді-өзіміз сынап-мінейміз. Үйішілік шүйіркелесу де жайына қалды. Қосағың мен бала-шағаңа бірдеңе айтайын деп ұмсына бергеніңде, әрқайсысындағы бір-бір ұялы телефон (кейбіреулерінде екі-екіден) «сұңқылдай» жөнеледі. Айтар сөзіңнің сұрқы қашып, түйіліп отырып қаласың. Бұл жаппай жағдай ма? Үзілді-кесілді солай деуге болмас. Өзім куә болған бір жайтты айтайын.

Ақжайық ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомовтың Тоған ауылындағы құтханасында біршама ауылдастар бас қосты. Себеп өте ғибратты болатын. Нәсіпқалидің анасы Қайша Мұқатқызы 2012 жылы 104 жасында қайтыс болған еді. Ел анасындай болған қадірлі адамды еске алу рәсіміне Тоған, Алғабас, Бударин ауылдары мен Орал қаласынан отыз шақты кісі жиналды. Олар Қайша анамызды көре қалған, қолынан дәм татқан, әсерлі әңгімелерін тыңдаған адамдар еді.

Байқап отырсам, қай-қайсының да айтары бар сияқты. Жас айырмашылықтарымыз әртүрлі болғандықтан, кимелей сөйлеу қиын ғой. Бәріміз Сағынгерей ағайдың аузына қараймыз. Тоқсан екі жастағы Сәкең ашаң жүзді, гимнастка тән сыптығыр  денелі, қимылы тез адам екен. Әрбір сөзді екшеп айтатын, үні жағымды, көкірегі ашық жан екені байқалады. «Қазақтың данасы, жасы үлкен ағасы» деген ғой хакім Абай. Әрқайсысымыз осы отырған өңірдің тарихынан азды-көпті хабардар едік. Бірқатарымыз жетпіс жылдан бергі жайттарды мөлдіретіп айтып бере аламыз. Ал жастауларымыз соңғы жиырма бес-отыз жылды жаттаған сабақтай судырата айтып, көз алдында елестететіндеріне күмән болмаса керек.

«Біз – бөкейліктерміз. Ата-баба, әке-шешелеріміз бірі ерте, бірі кеш қоныстанған ғой бұл жерлерге» деп Сағынгерей ағамыз әуезді дауыспен сөз бастағанда, біз құлақ түрдік. Оның айтуынша, осыдан тоқсан жыл бұрын қазіргі Ақжайық ауданы аумағында кілең жеке шаруалар ғұмыр кешіпті. Колхоздар 1930 жылдан бермен қарай пайда болса керек. Нарын құмындағы Ханымшағыл деген жерден біраз адам көтеріле көшіп, қазіргі Алғабас ауылдық округі аумағына ат басын тірепті. Бұл 1932 жыл екен. Сағынгерей – екі-ақ жастағы сәби. Әкесі Құбаш пен анасы Жаудыр Киров селолық кеңесіне қарасты «Бірлік» колхозын ұйымдастыруға қатысыпты. Колхоз, совхоз дегендерді ойлап тапқан кеңес көсемдері болатын. Мұндай құрылым бұрын әлем тарихында болып көрген емес-ті. Бұл - халыққа жасалған эксперимент болатын. Мұның пайдалы-зиянды жақтарын сөз етпейміз. Түптің түбінде жеке шаруаға қайта оралдық емес пе?

Колхоздар қалай құрылды? Жеке шаруашылықтағы малдың төлін ортаға салу үрдісі басталыпты. Сағынгерейдің әке-шешесі колхозға жалғыз сиырдың баспағын, екі-үш саулықтың қозыларын өткізіпті. Алғашқы екі-үш жылда, яғни колхоз қор жинағанша тұрмыс өте ауыр болыпты. Сол кезде бір тазы бір ауылды асырапты. Жасымыз егделеніп, көпті көрдік деп жүрген біздің өзіміз ойға оралта алмайтын жайларға қанықтық. Сағынгерейдің әкесі Құбаш аңшылықпен айналысыпты. Мүмкін, күнкөріс қамы осыған итермелеген болар. Жалғыз атын жаратып мініп, ертелете даланы бетке алады екен. Бойы биік, тұрқы ұзын ала тазысы тектілікті байқатып тұрса керек. Әккі ит дала төсіне еркін енген бойда, өзгеріп сала береді екен. Қоянның жымын, түлкінің інін шақырымдай қашықтықтан сезіп-біліп, әрекетке кіріседі екен. Тіпті ат үстіндегі аңшыны өз ырқына бағындыратын «құпия» қасиеті болыпты ала тазының. Еркін жүретін дала қояны өсімдіктердің небір құнарлыларымен көректеніп, жазда жардай болып семіріп, бөтекелері майланып, қыс түскенде қимылдары шабандап қалады екен. Алымды тазы қашқан қоянды қас-қағым сәтте қуып жетіп, тірсектен шалып құлатып, иесі келгенше астына басып жататын көрінеді. Екі-үш қоянды қанжығасына байлаған аңшының көңілі енді түлкіге ауады. Иә, пенде мінезі қызық қой. Бұл жолы да ала тазы көшелілік көрсетеді. Түлкілердің жүретін жерлерін алдын ала біліп алған тазы олардың іннен шыққанын емес, кері оралуын күтеді екен. Інінен шыққан аш түлкі сергек, яғни сақ болады. Ал даладағы ұсақ жәндіктерді нәпақа еткен түлкі біршама тоғайып, «көңілі бірленіп» ініне оралған тұста, бұғып жатқан ала тазы жебедей атылып, түлкінің желкесінен тістеп, басын бұқтыра қояды екен.

Құбаш аңшы күніне екі-үш қоян, екі-үш түлкі олжа әкеліп тұрыпты ауылға. Аңшының жолына қарап отырған аш-арық ауыл адамдары Құбашты аяғын жерге тигізбей, аттан көтеріп түсіреді екен. Содан, қоянның етін бір қазанға салып, үстіне жеуге болатын өсімдіктердің жапырақ тамырларын қосып, жүрек жалғайтын дәм дайындайтын бопты ауыл әйелдері.

Сағынгерей ағаның әңгімесі отырғандарға қатты әсер еткенін байқадым. 1941-1945 жылдардағы Ұлы  Отан соғысы басталып, әкелеріміз майданға аттанғанда бесікте жатқан Нәсіпқали, Әбухан және менің өмір жолымызды кейінгі буын ертегі сияқты қабылдайтын. Ал Сағынгерей Құбашұлының осы айтқандары бізге ертегідей көрінді. Сәкеңнен он-он бес жас үлкен буынның өмірі қандай болғанын ойша шамалап көріңіз...

Алғабас өңіріне екі жасында келген Сағынгерей Құбашев мектепте бар болғаны төрт жыл оқып, еңбекке араласып кете барыпты. Тракторшы мамандығын меңгеріп, МТС-та жұмыс істепті. Сәл кейінірек тракторшылар бригадирі курсын тәмамдапты. Бертініректе Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты жанындағы үш айлық курсты бітіріп, 1977-1986 жылдар аралығында «Алғабас» совхозында бөлімше басқарушысы лауазымында қызмет етіпті. Институт түгіл, техникум есігін ашпаған адам­ның тоғыз жыл бойына ірі совхоздың өндірісі көпсалалы бөлімшесін басқаруы біраз нәрседен хабардар етсе керек. Сағынгерей Құбашұлы – өмір қиыншылығын көре жүріп ержеткен ұрпақтың өкілі. Мұндай абзал  ағалар  азайып барады.

Ауылдастары мен қала қонақтарының басын қосып, аяулы анасын  еске алуды ұйымдастырып отырған Нәсіпқали Қайырқомұлымен қашан, қалай танысқаным көкейімде сайрап-ақ тұр. Арада аз деңіз, көп деңіз, алпыс бес жыл жатыр. 1957-1958 оқу  жылында Оян орталау мектебі шәкірттеріне көрші қазіргі Алғабас селолық округіне қарайтын ауылдардан бір топ ұл-қыз келіп қосылды. Сол жылдары аудандарда орта мектеп дегеніңіз саусақпен санарлық болатын. Нәсіпқалимен сегізінші сыныпта бір жыл ғана бірге оқыдық. Ол бейнетті көп көрген Қайша анамызға қолқабыс көрсету мақсатында еңбеке ерте араласып кетті. Нәкеңнің әуелі колхозда, сосын совхозда істемеген жұмысы жоқ. Біз бұған куәміз. Ол – ішкі қуаты сыртқа теуіп тұратын оғлан болатын. Онымен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Алғаш рет бір отар қойды қабылдап алып, аға шопанның таяғын ұстағанда, Ояннан бір топ бала арнайы барып табыс тілеп, құттықтаған едік. Нәкең бәрімізден бұрын үйленіп, отау тікті. Қазір перзенттерінің алды алпыс жасқа келіп отыр.

Нәсіпқалиді қолдаған да, қолтығынан демеген де анасы Қайша мен жары Қоңырша болатын. Иә, колхоз-совхоз басшылары – Мұхамбетқали Хайруллин, Төреш Мұрадымов сияқты азаматтар жігелі жасты назарда ұстап, көтермелеп, жолын ашқанын жерлестері бүгінге дейін айтып отырады.

Майданда қаза тапқан әкесінің кейпін Нәсіпқали көз алдына елестете алмайды. Ол қайраты мен қара ақылы жетіп артылатын анасы Қайша Мұқатқызының тәрбиесінде өсіп жетілді. Қайша анамыз шарболатты бірде отқа, бірде суға салып шынықтыратын ұста секілді жалғыз ұлды қиыншылықтан қаймықпайтын, барлықтан мастанбайтын, қажет жерінде құрыштай берік, орынды жерінде бордай кемік болуға  үйретті. Солардың нәтижесінде Нәкең ақсақал жасына жетуімен қатар, ел ағасы дәрежесіне көтеріліп отыр. Ол екі бірдей техникумды тәмамдап, еңбек ұжымдарын басқарды кезінде. Арқалаған бейнет, төккен тер зая кеткен жоқ. Нәкең еңбегінің арқасында ауыл-аймаққа белгілі де сыйлы азаматқа айналды.

«Би болды, би түсетін үй болды» деп толық сеніммен айта аламын. Еңбек қатынасы күрт өзгеріске ұшыраған сонау бір жылдары Нәсіпқали заман талабын тамыршыдай терең сезініп, облыста алғашқылардың бірі болып «Нұртілек» шаруа қожалығын құрып, бүгінге шейін басшылық етіп келеді. Төрт түлікті түгел өсіріп, шаруасын шалқытып отыр. Жомарт, Жұмағыз, Орынбайдай ұрпақтары әке жолын жалғастыруда. Бұл орайда ауылдастары да еңбек ұжымына тартылып, өз  үлестерін  қосып жүр.

Жүз төрт жыл өмір сүріп, ащы мен тәттіні молынан татқан Қайша анамызды еске алу рәсіміне қатысқан Сабыртай, Базарбай, Асылбек, Марат, Тоқсұлу, тағы көптеген басқа ауылдастар бұл басқосудан үлкен ой арқалап кетті десем, асырып  айтқандық  болмас.

Зар заманда уақыт өтпесе, тар заманда уақыт жетпейді екен. «Әр кәллада бір қиял» дегендей, қазір пенделердің өзара шүйіркелесуге мұрсаты да, пейіле де жоқ сияқты. Десек те, өмірдің мән-мағынасын түсіну үшін, өткенге баға беріп, болашақты болжау үшін ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі керек. Әкенің бастан кешкенін баласы біліп, терең ұғынбаса, немере-шөбереден не қайыр. Шапшаңдық шаужайдан алып тұрса да, кең отырып, келелі әңгіме айтуға уақыт табайық, ағайын!

Айтқали Нәріков,

ақын,

Орал қаласының құрметті азаматы 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале