20.12.2024, 15:15
Оқылды: 294

Бір топ батысқазақстандық азамат «Нарын қасіреті құрбандарына тағзым» экспедициясы аясында Түркістанға барды

Жуырда «Нарын  қасіреті» қоғамдық тарихи-ағарту қорының ұйымдастыруымен бір топ батысқазақстандық азамат «Нарын қасіреті құрбандарына тағзым» экспедициясы аясында Түркістан облысына барып қайтты. Облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асқан сапардың мақсаты – 1952 жылы Капустин-Яр полигонына байланысты туған жерінен еркінен тыс жер аударылып, оңтүстікке табан тіреген жерлестеріміздің қорымына ескерткіш тақта орнатып, Құран бағыштау болатын.

WhatsApp Image 2024-12-18 at 11.43.38 (1)

Облыстан аттанған делегация құрамында облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Жаннұр Ахметов, «Нарын қасіреті» қоғамдық тарихи-ағарту қорының төрағасы Қайролла  Сабыров,  тарихшы Бақтылы Боранбаева, бөкейордалық өлкетанушы Жұбан  Ғұмаров болды.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1951 жылдың 14 желтоқсанында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің шешімімен рес-публика ішінде қоныс аудару бойынша 1013-119 қаулы бекітілді. Осы қаулыға сәйкес Батыс Қазақстан облыстық кеңесі Еңбекшілер депутаттарының атқару комитеті 1952 жылы Жаңақала ауданынан – 125, Орда ауданынан 175 колхоз шаруашылығын Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін аудандарына көшіру туралы шешім шығарған. Осылайша, Сайқын стансасына қарасты бес колхоздан 336 отбасы, барлығы 1805 адам Оңтүстік Қазақстан облы-сының Жетісай ауданына еріксіз қоныс аударылған. Ал Жетісай ауданы  мұншалық көп адамды қабылдауға дайын емес еді. Тұрғын үй, медициналық көмек, азық-түлік жетіспеушілігі салдарынан эпидемиологиялық аурулар, жаппай асқазан-ішек дерті етек жайып, қарттар, әсіресе,  балалар арасында өлім-жітім көбейген. Сол сапар барысында, одан кейін жұқпалы індеттен жер аударылғандардың көбі қайтыс болған.

Аман-есен жеткендердің ұрпақтары бүгінде сол ауданда тұрады.

Облыс делегациясы алдымен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, баба рухына зиярат етті. Одан кейін Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде тарихшы ұстаздармен кездесті. Жиында Жаннұр Ахметов іссапардың мақсат-міндеттері жөнінде сөз қозғап, тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың қауымдастырылған профессоры Бақтылы Боранбаева тағдыр тәлкегімен туған жерден жыраққа кеткен жерлестерінің өмірінен сыр шертетін еңбегін таныстырды. Кездесу аяқталған соң батысқазақстандықтар Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жаңа ауыл елді мекеніндегі «Сапаралы ата» қорымына барып, ескерткіш тақта орнатып, туған жердің топырағын салып, ауыл тұрғындарына ас берді. Ескерткіш тақта мен бейіт қабырғасын тұрғызуға Жаңа ауыл елді мекені тұрғындары  Әлібек Мұқанғалиев, Әшірбек Қонаров және небәрі төрт жасында жер аударылып, бүгінде осы аймақтың тұрғынына айналып, түтінін түтетіп отырған Амантай Әжіғұлов атсалысқан. 1952 жылы еріксіз жер ауда-рылып, бақилық болған жерлестерімізге алыс Ақ Жайық өңірінен келіп, бейіт тұрғызу оңай шаруа емес екені белгілі. Бұл жолда жергілікті тұрғындардың еңбегін айтпасқа болмас.

Сондай-ақ сол кезде еріксіз көшірілген көштің арасында кейін «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» атты әннің ауторына айналатын ақын  Қайрат Жұмағалиевтің де болғанын айта кеткен жөн. Қайрат Жұмағалиев  білім алған Жаңа ауыл елді мекенін­дегі Қожа Ахмет Яссауи атындағы  №22 орта мектеп ұжымы батысқазақ­стандық делегацияға арнап әдеби-сазды кеш қойды. Көз көрген қариялардың айтуынша, Қайрат Жұмағалиевтің анасы: «Бұл қиындық та өтер, кетер, бірақ осы балам қазаққа қызмет етіп, жарық жұлдыз боларына кәміл сенемін және жүрегім оны сезеді», – деп ұлын жер аударған кезде ауыр күрсінген екен. Экспедиция мүшелері сапар барысында Арыстан баб кесенесіне және мемлекет қайраткері  Өзбекәлі Жәнібековтің бейітіне барып, зиярат етті.

–  «Нарын қасіреті» қоғамдық тарихи-ағарту қорының жұмыс тобы 2022 жылы құрылды. Оның құрамы-нда Мынатаубиік Әнесов, Нәсіпқали Иманғалиев, Нысанбай Көшекқалиев, Бақтылы Боранбаева  секілді өлкетанушылар, тарихшылар болды. «Капустин-Яр» полигонына 70 жыл толуына орай экспедициялық сапар нәтижесінде «Aqjaiyq» телеарнасында аталмыш телеарна директорының орынбасары Гүлмира Тілеубаеваның режиссерлігімен «Орда ойраны» атты деректі фильм жарыққа шықты. Сондай-ақ сапарға қатысушылар құрамында болған Мәрлен Ғилымханның «Қызыл вагондағы қыжыл» атты мақаласы облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланды. Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Ғайсағали Сейтақтың «Нарыннан өлідей емес, тірідей айырылдық» атты естелік тағылымды кітабы оқырманға жол тартты. Бізбен сапарлас болған тарихшы ініміз Зұлқожа Шарафутдинов архивтік деректерді негізге алып, «Зонадан көшкен колхоздар» атты кітап шығарды. Ал Түркістан облысына сапарлау бұрыннан да жоспарымызда болған еді. Облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ол жоспарымызды биыл жүзеге асырдық. Ақ Жайық өңірінен келген бізді Түркістан облысы құрметпен қарсы алып, қонақжайлығын көрсетті. Сапар барысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы, Жетісу ауданы әкімдігі мен Жаңа ауыл әкімі аппараты іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсетті. Біз оларға алғыс ретінде өлке энциклопедиясы мен Хан ордасы мұражайының суретін сыйға тарттық, – деді «Нарын қасіреті» қоғамдық тарихи-ағарту қорының төрағасы Қайролла Сабиров.

Нұрым Қайырболатұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале