14.12.2018, 18:26
Оқылды: 40

Бір топ батысқазақстандық мемлекеттік наградалармен марапатталды (СУРЕТ)

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ батысқазақстандыққа мемлекеттік наградаларды табыстады.

marapat (5) 

Орал қаласындағы Салтанат сарайында өткен салтанатты шара барысында облыс басшысы алдымен қатысушыларды Тәуелсіздік мейрамымен құттықтады.

– Тәуелсіздік – азат ел болуды ата-бабамыз армандаған, аға ұрпақ жақындатқан, ал бүгінгі буын шындыққа айналдырған қастерлі ұғым. Мемлекетіміздің мерейлі мерекесі Тәуелсіздік күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік жылдары Елбасының бастамасымен тарихи сілкініс жасалып, ұлы істер атқарылды. Осылайша аз уақыт ішінде қуатты ұлтқа, дәулетті елге айналдық. Президентіміздің ерік-жігерінің нәтижесінде қарулы қақтығыссыз, мылтықты майдансыз мемлекет шекарасы айқындалды. Іргеміз мызғымастай бекітілді. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ел экономикасы қарқынды дамып келеді. Оны өңіріміздің тұрғындары да айқын сезінуде. «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының биылғы Жолдауының негізгі мәні тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінде өңіріміздің табиғи газбен қамтылу деңгейі 95 пайыздан жоғарылады. Орал қаласын қоспағанда Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары көгілдір отынмен толықтай қамтылды. Бұл көрсеткішке Жаңақала, Зеленов, Шыңғырлау аудандарының деңгейі де жақындап қалды. Алдағы жылда тағы Қазталов, Теректі аудандарының 22 елді мекеніне газ тартылмақ.

2016 жылы өңіріміздің небары 30 пайызы ауыз сумен қамтылған болатын. Ал бүгінде бұл көрсеткіш 46,5 пайызға дейін көтерілді. Осы уақыт аралығында 2 мың шақырым су құбыры тартылып, 110 елді мекен орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандары 100 пайыз сумен қамтылып отыр. Келесі жылы тағы елу елді мекенге таза ауыз суын кіргізбекпіз. Яғни, 2020 жылы халықты таза сумен қамту көрсеткіші 50 пайыздан асады. Жыл сайын 500 шақырым жол жөнделіп келеді. Жуырда жалпыұлттық телекөпірде Елбасының қатысуымен Орал – Тасқала – Озинки күре жолының жөндеу жұмыстары аяқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 26 млрд. теңгеге жаңа жолдар салынып, ескі жолдар жөнделді. Болашақта салынатын стратегиялық нысандарды қолға алдық. Келесі жылы тек қана облыс орталығының жолын жөндеуге 9 млрд. теңге қарастырылып отыр. Облыс орталығында қосымша жаңа көпір салынады. «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларына сәйкес биыл 3500 отбасыға арналған пәтерлер салынуда. 500 гектар аумаққа «Ақжайық» шағынауданы салынып, келесі жылы алғашқы үйлердің іргетасы қаланбақ. Қорыта айтқанда, әрбір елді мекенде кемінде бір қуанышты жаңалық орын алып жатыр. Бұл Елбасымыздың жүргізіп отырған экономикалық саясатының жетістігі. Сонымен қатар әр қазақстандықтың ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Қазақстанды мәңгілік елге айналдыру жолында жұмылып еңбек ету әрқайсымыздың басты міндетіміз, – деді Алтай Сейдірұлы.

«Парасат»,  «Құрмет», «ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, ҚР Құрмет грамоталарымен және «Астана – 20 жыл» мерекелі медалімен марапатталған жерлестер алғыстарын білдірді.

marapat (1)WhatsApp Image 2018-12-14 at 01.50.30 marapat (9)

WhatsApp Image 2018-12-14 at 01.50.20 WhatsApp Image 2018-12-14 at 01.50.27 WhatsApp Image 2018-12-14 at 01.50.28 WhatsApp Image 2018-12-14 at 01.50.30

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов, Александр Куприенко

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале