Бір жылда елде ұн бағасы 37% қымбаттаған. Бұл туралы ҚазАқпарат Energyprom.kz ресрусына сілтеме жасап хабарлайды.
«2022 жылдың қаңтар-маусым айларында елімізде 1,6 млн тонна бидай ұны өндірілген. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 1,5% көп. Өңірлер арасында Қостанай облысы 552,4 мың тонна көрсеткішпен алда тұр. Алғашқы үштікке Солтүістік Қазақстан облысы мен (164,5 мың тонна) мен Шымкент қаласы (141,5 мың тонна) кіріп отыр», - деп жазылған сараптамада.
Қаңтар-мамыр аралығында ұн экспортының ақшалай көлемі бір жыл ішінде 86,8% артып, 292,6 млн доллар болған.
«ТМД елдеріне 212,7 мың тонна ұн жіберілді. Бұл – былтырғыдан 15,1% көп. Соның ішінде Өзбекстанға 158 мың тонна ұн жөнелтілген. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 17,6% артық», - деп жазады Energyprom.kz.
Ал, ТМД-дан тыс елдердің ішінде Ауғанстанға ең көп ұн экспортталған. 552 мың тоннаның 551,5 мың тоннасы осы елдің үлесінде. Бұл – былтырғыдан 47,1% артық.
«Биылғы шілде айында ұн бағасы былтырғыға қарағанда 36,6% өсті. Бірінші сұрыпты ұн келісіне 225 теңгеден сатылды. Ал, жоғары сұрып ұнының бір келісі – 343 теңге. Ірі қалалардың ішінде ең қымбат ұн бағасы Нұр-Сұлтанда (424 теңге), ең арзан баға Павлодарда (222 теңге) тіркелді», - деп жазылған сараптамада.