10.08.2023, 11:45
Оқылды: 124

Біраз заңбұзушылық анықталды

Батыс Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы жергілікті бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану барысында Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік аудит жүргізеді. Аталмыш комиссия биылғы жылға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес Жәнібек ауданының сегіз мемлекеттік мекемесінде 2020-2022 жылдар кезеңіне аудиторлық тексеріс жүргізді.

ЖП ақша 2

Аудиторлық іс-шара нәтижелерін талқылаған отырысқа тексеру комиссиясының басшылары және қызметшілері, аталған аудан әкімінің орынбасары, БАҚ өкілдері қатысты.

Осы отырыста тексеру комиссиясының мүшесі Қанат Алпысбаевтың жүргізілген аудиторлық іс-шара нәтижелері туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамаға сүйенсек, Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталмауы салдарынан барлығы 71 млн 393 мың теңге шамасында қаржылық бұзушылық болғаны анықталды. Соның ішінде көрсетілген қаржы-қаражаттың 54 млн 824 мың теңгесі бюджетке өтелуге, ал 16 млн 569 мың теңгесі есеп бойынша қалпына келтіруге жатады. Аудит барысында тексеру комиссиясының отырысына дейін 10 млн 724 мың теңге өтеліп, 16 млн 569 мың теңге қалпына келтірілді. Сонымен қатар бюджет қаржысы мен мемлекет активтерінің негізсіз пайдаланылуына жол берілмесе де, 1472 млн 122 мың теңге бюджет қаражаты тиім-сіз жоспарланған және 1 млн 701 мың теңге тиімсіз жұмсалған. Жиында аудит нәтижесінде анықталған негізгі бұзушылықтар мен кемшіліктер айтылды.

– Жекелеген мемлекеттік мекемелер бюджеттік өтінімді жасаудың дұрыстығы мен негізділігін, бюджеттік өтінімде қамтылған ақпараттар мен есептеулердің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етпеген. Атап айтқанда, Жәнібек аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі  және автомобиль жолдары, аудандық білім беру, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінде және ауылдық округтер әкімінің аппараттарында – аудиттелген мекемелердің барлығында дерлік мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының сақталмау жағдайлары орын алды.

Жәнібек ауданы әкімінің және Жәнібек ауылдық округі әкімінің аппараттарында бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларының сақталмауы, оның ішінде қаржы есебінің бұрмаланғаны анықталды. Сонымен қатар Еңбек және Бюджет кодекстерінің, мемлекеттік мүлік туралы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы, білім беру және мәдениет туралы заңнамалардың талаптары бұзылған. Осындай салғырттықтың салдарынан қосымша ақы, еңбекақы, іссапар және басқа да шығындар негізсіз төленген, бекітілген межеден асыра төлеу орын алған. Бірқатар мекеме келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған өнім берушілерді мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне қосу үшін сотқа жүгінбеген. Міндеттемелерді уақытында орындамағандардан тұрақсыздық айыбын бюджетке өндіріп алуға қам-қарекет жасамаған. Бұл ретте бухгалтерлік есеп жүргізу және мемлекеттік сатып алу қағидаларының сақталуын қамтамасыз етпеген тұлғаларға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті мемлекеттік құрылымдарға материалдар жолданды, – деді Қанат Алпысбаев.

Тексеру комиссиясының отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.  Аталған аудан әкімі мен аудит нысандарына анықталған бұзушылықтарды және оларға ықпал ететін себептерді жою тапсырылды. Аудит анықтаған олқылықтарға жол берген жауапты қызметкерлерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолдану туралы тиісті нұсқамалар жіберіледі.

Жәнібек ауданының мемлекеттік мекемелерінде жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары негізінде бюджет қаражатын жоспарлау тиімділігін арттыру және оған жауапты мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру жайы талқыланды. Осыған орай бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті құрылымның бірінші басшыларының жауапкершіліктерін күшейту, білім беру мен мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында уәкілетті орталық мемлекеттік құрылымдарға тиісті ұсыныстар жолдады.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале