4.10.2022, 11:30
Оқылды: 46

«Бірер күндік пайда үшін ар-ұяттан аттамайық, ағайын!»

Соңғы он күнде (21 қыркүйек–2 қазан) Ресей жағынан облыс аумағына 111 000 адам өтсе, оның 54 мыңы Ресей азаматы. Сондай-ақ осы аралықта кеденнен 32 мың аутокөлік өткен, оның 9817-сі  – жүк көлігі. Бүгінде шекарадағы өткізу бекетін қаумалаған ресейліктердің қарасы азайған. Өткен жұма күні жүк көліктері 20 шақырымға дейін кезекте тұрса, қазір бес-алты шақырымға ғана созылған. Бұл туралы кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен өткен шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. 

35c4c1c7-c208-4bfb-a18a-84e7afeab187

ҚР ҰҚК Шекара қызметі БҚО бойынша департаменті-нің бастығы Бауыржан Рысбековтың мәліметіне қарағанда, қыркүйек айында облыс аумағындағы кедендік өткізу бекетінен  377 000 адам өткен.
Оның 122 мыңы – Ресей азаматы. Бүгінде Ресейдегі мобилизацияға байланысты облысымызға келушілер саны азайған. Өткізу бекеті штаттық режімде жұмысын жалғастыруда.

– Ресейден келген азаматтардың 78 пайызы – 18-55 жас аралығындағылар. Олардың 7296-сы халыққа қызмет көрсету орталығына ЖСН алу үшін өтініш берді. Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының шекарасындағы Сырым, Тасқала, Шаған, Ақсай, Жәнібек және Орда аутокөлік өткізу бекетіне 38 полиция қызметкері жұмылдырылды. Ресейден келген азаматтар «Атамекен», «Самал» балалар лагерьлеріне орналастырылып, уақытша мекенжайға тіркелді. Сондай-ақ өңір тұрғындары мен ресейлік азаматтардың көп жиналатын орындары – Орал қаласындағы теміржол вокзалы маңы, «City center»  сауда орталығы  күшейтілген бақылауға алынды. Оларға халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі мен қалада қоғамдық тыныштықты сақтау туралы түсінік жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығына келген ресейлік азаматтардың 427-сі жалдамалы пәтерде, 452-сі қонақүй мен хостельде, 1014-і ағайын-туысының үйінде. Жалдамалы пәтерлерді тексеру барысында 81 пәтер иесіне қатысты Орал қалалық полиция басқармасына хат жолданды. Аталмыш пәтерлер бойынша кәсіпкердің заңды жұмыс істеп отырғаны, яғни бизнес нысанының тіркелгені немесе тіркелмегені анықталады. 27-30 қыркүйек аралығында Ресейден келген азаматтардың қатысуымен үш құқықбұзушылық орын алды. Оның біреуі ұрлық, екіншісі алаяқтық бойынша ұсталды. Үшіншісі – «Siberia» түнгі клубындағы төбелес, – деді БҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.

Облысымызға келген Ресей азаматтарына өңіріміздегі еріктілер қолдау көрсетіп, орынжаймен қамтуға көмектескен еді. Батыс Қазақстан облысы бойынша қазақ күресі федерациясының вице-президенті, ерікті Әсет Сұлтанұлы жиында ресейліктерге көмектесу себебін былайша түсіндірді.

– «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей,  қоғамдық тәртіпті сақтайтын құзырлы құрылымдар Ресейден келген азаматтарды тексеріп жатырған шығар. Біздің, еріктілердің, ең басты мақсатымыз – ұлтаралық араздықтың, қақтығыстың алдын алу. Сондай-ақ кей кәсіпкердің студенттерді жалдамалы пәтерден шығарып жіберіп жатқаны себеп болды. Сондықтан шама келгенше ресейліктерді бір жерге, яғни «Атамекен», «Самал» лагерьлеріне орналастырып, көше-
де сенделіп жүруінің алдын алғымыз келді. Лагерьлерге апарғанда түсінік жұмыстарын жүргіздік. «Сіздер – қонақсыздар! Біздер өз тарапымыздан қонақжайлығымызды көрсетеміз. Есесіне, сіздер ішімдік ішпеңіздер және қоғамдық тыныштықты сақтаңыздар», – дедік. Бүгінгі таңда аталмыш лагерьлерде құқықбұзушылық орын алған жоқ. Көбі үш күн түнеп, кейін билеттерін алып, облыс аумағынан кетіп жатыр, – деді Әсет Сұлтанұлы.

Басқосуда облыс әкімі Ғали Есқалиев еріктілерге ұлтаралық татулыққа қосқан үлестері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ол еріктілердің коронавирус пандемиясы өршіген кезде де облыс тұрғындарына айтулы қолдау көрсеткенін тағы бір атап өтті.

– Еріктілер әрдайым азаматтық белсенділік танытып келеді. Екі апта ішінде облыс аумағына 54 мыңнан астам ресейлік кірді, олардың 13 мыңы кері қайтты. Қалғандары Қазақстанның өзге өңірлеріне және басқа елдерге ұшып кетуде. Оралға келген ресейлік азаматтарды біз тіркеп, есепке қоюдамыз. Енді олардың кім екенін, қандай мамандығы бар екенін, олардың арасында заңға қайшы әрекеттер жасағандардың бар-жоғын анықтаймыз. Ресей азаматтарының елімізге келуі жерлестерімізге  қиындық туғызғанын түсінеміз. Мысалы, такси ақысы едәуір қымбаттады. Заңсыз такси қызметін ұсынып жүрген жүргізушілер ресейлік азаматтардан шамадан тыс ақша талап етіп, алаяқтық дерегі де орын алуда. Жеке пәтерін жалға берушілер де көбейді. Ресейліктер  елімізге уақытша ғана келуде. Сондықтан бірер күндік пайда үшін ар-ұяттан аттап, облыстың ауыл-аймағынан келген студенттерді пәтерден шығарып жібергенін естігенде көңілің құлазиды. Адами құндылықтарды ұмытпайық, ағайын! – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале