Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдени ағарту бірлестігінің 30 жылдығына арналған «Құндылыққа толы өнер ордасына – 30 жыл» атты мерекелік кеш өтті.
Іс-шараға жиналған жұрт бірлестік құрамындағы орталықтардың көрмесін тамашалады. Онда 24 өнер ұжымының қызметкерлері мен өнерпаз балғындардың жаз айларында еккен бау-бақша өнімдері және қолөнер бұйымдары қойылған.
Кеш басталмас бұрын Абай Құнанбаев, Сырым Датұлы, Ахмет Байтұрсынов, Қадыр Мырза Әли, Хиуаз Доспанова және Мәншүк Мәметова сынды батырлар мен ақындарға арналған жыр-толғаулар оқылды. Одан соң өңірімізге танымал, жас айтыскер Орынбек Меңдіқұл сахнаға шәкірттерімен бірге шығып, жалынды жырларымен көпті сүйсінтті. Кең көлемде аталып өткен іс-шараға келген қонақтардың қарасы қалың. Қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов өңірдің мәдени өміріне өң беріп, елеулі еңбек еткен азаматтарды облыс және қала әкімінің алғысхатымен марапаттап, ізгі тілегін білдірді.
– Қайырлы күн, қадірлі кеш қонақтары! Өнер өлкесінде өзіндік орнын қалыптастырып, шаһар мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан жандарға алғыс білдіремін. Аталмыш бірлестік сонау 1992 жылдан бері шығармашылық тұрғыда жоғары деңгейде қызмет етіп келеді. Бүгінде мәдени ұйымда 2000-нан астам бала тәрбиеленіп, 400-ге жуық ересек адам бос уақытын тиімді өткізеді. Олар түрлі үйірмеге қатысып, өздерін жаңа қырынан көрсетіп жүр. Осы ұжымда 150-ден астам қызметкер өнер әлеміне қанат қаққан жас буынның белін буып, жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Жыл ішінде түрлі жоба мен бастамалардың жүзеге асуы – өнерді сүйетін жандардың жемісті еңбегінің дәлелі. Алдағы уақытта қаламыздағы басқа да шағынаудандарға мәдени ошақтар салу жоспарымызда бар, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.
Айта кетейік, бірлестіктің құрамында 11 аула клубы, 8 комьюнити-орталығы, «Жасұрпақ» әлеуметтік даму ор-талығы, «Ардагер» клубы, Гагарин атындағы кинотеатр, «Ақниет», «Бойтұмар» мәдени клубтары жұмыс істейді. «Бәйтерек» комьюнити-орталығының тәрбиеленушісі, бүгінде халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген Әлинұр Хамзин ақын Ерғожа Тілепбердиевтің сөзіне жазылған Медет Салыховтың «Жұмақ мекен» әнін шырқап, кештің шырайын кіргізді.
Өз кезегінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла бірлестіктің басшысы Серік Тоқмамбетовке алғыс айтып, сыйлықтарын табыс етті. Сондай-ақ бірлестікте қызмет етіп, зейнетке шыққан ардагерлердің бірқатары марапатталды.
– Бүгін біз тамаша кештің куәсі болып отырмыз. Қаламыздағы 24 орталықтың басын біріктіріп, іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген бірлестікке биыл 30 жыл толып отыр. Бұл уақыт бәзбіреуге сонша келте көрінгенімен, осы жылдар ішінде қанша адамның ерен еңбегі жатқанын ескеруіміз қажет. Барлық қызметкерді мерейтоймен құттықтаймын! Ұжымның ұйымшылдығы көпке үлгі. Сонымен қатар кейінгі кездері қайырымдылық акцияларынан да қалыс қалмай жүргенін байқадық. Спорт саласында да жемісті еңбек етуде. Алдағы істеріңізге береке мен табыс тілеймін! – деді Сайран Темірғалиұлы.
Кеш барысында бірлестікке қарасты аула клубтарының тәрбиеленушілері мен комьюнити-орталығының балғындары әуезді әндерін шырқап, мың бұрала биледі. «Жұлдыз» комьюнити-орталығының тәрбиеленушілері Аймира Еселбай, Амина Жақсылықова, Айнамкөз Ғарифолла, Жанэль Бақтығали эстрада жұлдызы Роза Әлқожаның әні мен сөзіне жазылған «Бала, бала, балапан» әнін орындап, көпшіліктің көңілін көтеріп тастады. Сонымен қатар облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген және ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы №5517 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің басшысы, майор Нұртілек Ғалымжанов құттықтау сөз сөйледі.
Қалалық мәдени ағарту бірлестігінің басшысы Серік Тоқмамбетов кеш соңында келген қонақтарға ризашылығын айтып, бірлестіктің алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Ең алдымен, өнерсүйер қауымға алғыс айтамын! Ақ ниеті мен шынайы тілектерін жаудырған өңір азаматтарына ризамын. Осы мерейтойдың біз үшін маңызы зор. Себебі мұнда маңдай терін төгіп, ағартушылыққа ден қойған жандар аз емес. Олар буыны қатаймаған бөбектерімізді өнерге баулып, тәрбиелеуде. Былтыр халықаралық деңгейде екі жыл сайын өтетін «JAIYQ FILM FEST» және облыстық туристік слетті қолға алғанбыз. Келер жылы аталған жобалар жалғасын табады. Сонымен қатар біздің ұйымдастыруымызбен өткен «Өнер барысы» да аудандарда жалғасып жатыр. Алдағы уақытта облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөліп, түрлі жобаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз, – деді Серік Әнуарұлы.
Байқағанымыз, бірлестік құрамындағы аула клубтарында тәрбиеленген жас өрендер бүгінгі таңда республикалық, тіпті халықаралық байқауларда елдің намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүр. Оларды тәрбиелеп, бойындағы бар жігерін балаларға арнаған қызметкерлердің еңбегі орасан. Сондай қадірлі маманның бірі – Айман Жақыпова кештен алған әсерімен бөлісті.
– Жалпы осы салада қызмет еткеніме 18 жыл уақыт болыпты. Оның ішінде 15 жыл бойы «Ақжелкен» балалар аула клубының меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Біз балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік жасаймыз. Бүгінгі тамаша сәтті пайдалана отырып, әріптестеріме қажымас қайрат пен сарқылмас төзім, толайым табыстар тілеймін. Үнемі алдарыңыздан ақ күн туып, жарқын сәттеріңіз көп болсын! Осы берекесі мен бірлігі жарасқан ұжымда жұмыс істеп жүргенімді мақтан тұтамын, – деді Айман Ізімжанқызы.
Аманжол Рахымжанұлы,
zhaikpress.kz