Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 14,1 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,1 трлн теңгеге немесе 8,3 пайызға ұлғайып, қазан айының соңында 14,1 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері инвестициялық табыс көлемі - 672,5 млрд теңгені, зейнетақы жарналары – 1 379,3 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері – 218,2 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алып қою 868,9 млрд теңгені құрап отыр», - деді Берік Шолпанқұлов.
Оның дерегінше, 9 айдың алдын ала қорытындысы бойынша төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасып, сауда балансының жақсаруына байланысты 7,9 млрд доллар болды.
«Сауда балансының профициті өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,9 млрд долларға ұлғайып, 29,3 млрд долларды құрады. Шетелдік тікелей инвесторлардың табысы 3,7 млрд долларға артып, 20,2 млрд доллар болды», - деді ол.
Фото: externallearningaustralia.com.au