30.11.2023, 14:30
Оқылды: 49

Біржан Ережепов: «Өзіміздің әскери роботтық техниканы дамытуға тиіспіз»

Ақ Жайық өңіріндегі «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның құрылғанына жарты ғасырдан асты. Кәсіпорын 1991 жылға дейін Ленинград орталық «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институтының құрамында болды. Қазіргі кезде институт «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның қарамағында. Онда арнайы мақсаттағы теңіз су асты жабдықтары мен оны пайдалану технологияларын жасау бойынша ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыс жүргізіледі. Жалпы бұл өзі – жабдықты жобалаудан бастап тәжірибелік үлгіні жасайтын, сол үлгіні сынақтан өткізіп, одан әрі өндіріске енгізетін толық циклді кәсіпорын.  Аталмыш акционерлік қоғамның тыныс-тірлігі жайында бас директор Біржан Ережепов төмендегідей әңгімеледі.

Ережепов Біржан Нұрланұлы

Біржан Ережепов, «Гидроприбор» ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның бас директоры

 

– Біржан Нұрланұлы, «Гидроприбор» компаниясы 1993 жылдан бастап су ығыстырылымдылығы 7-ден 400 тоннаға дейін 34 бірлік өнім өндірді. Қазіргі уақытта компания шағын кемелердің басқа да түрлерін өндіріске енгізу бағытында  жұмыстануда деген ақпаратты кәсіпорын сайтынан оқығанбыз. Бүгінгі күні компания қандай жобалармен жұмыстануда? 

– Ғылыми-зерттеу ин­ститутының негізгі қызме­ті – су ығыстырымдылығы 170 тоннаға де­йінгі теңіз, өзен ке­меле­рін, қайықтар мен су құралдарын жобалап, дайындау. Одан басқа ауада, жерде, су астында және жер бетінде қолданылатын роботтық техниканың, мұнай-газ саласына жабдықтар мен құрал-жабдықтардың да жобасын жасақтап, өнім өндіреміз. Аутоматтандырылған және роботтандырылған жүйелерді енгізу төртінші буын өнеркәсіп элементтерінің бірі болып табылатыны белгілі. Әлемнің ең технологиялық дамыған елдері ондай жүйелерді өндіріске енгізуді әлдеқашан бастады. Әрине, озық үрдістерді біздің елімізде де енгізуіміз керек. Өйткені роботтық техниканы барлық жерде адам факторын барынша азайту арқылы жұмыс тиімділігін арттыруды немесе еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қажетсінетін барлық орында пайдалануға болады. Мұның бәрі түптеп келгенде экономикалық мақсат-мүддеге байланысты.

өздігінен жүретін өзен паромы

Өздігінен жүретін өзен паромы

– Ел Президенті биылғы 1 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша нақты міндеттер қойды. Дамыған мемлекеттерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мұның маңызды рөл атқаратынын, отандық өндірісті өзімізде дамытып, импорттық өнімдерге тәуелділікті азайту қажет екенін атап өтті. «Біздің армия жоғары технологиялық қару-жарақ және әскери техникамен, соның ішінде бронды техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары­мен, заманауи атыс қаруларымен қамтамасыз етілуге тиіс. Техниканы же­дел жөндеу бойынша өндірістік қуаттылықты нығайтып, отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейту керек», – деді Президент. Сіздің зауытта техникалық әлеует пен білікті кадрлар бар. Президент тапсырмасына сәйкес қандай жұмыс қолға алынуда?

– Әскери роботтық техниканың келешегі кемел, ол –  біздің тақырыбымыз. Қазақ­стан үшін әскери роботтық техникалық құралдардың мәнмаңызы зор,  өйткені шекарамыз үлкен, халық саны аз. Сондықтан шекараны күзетіп, бейнебақылаудың жан-жақты жүйелерін барынша механикаландыру мен роботтандыру қажет. Қазіргі әлемдік саясаттың тұрақсыздығы, геосаяси жағдайға байланысты еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға ұмтылысын (тәуелсіз елдің басты факторы – оның әскерінің тәуелсіздігі) ескере отырып, Қазақстанның әскери және технологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзіміздің әскери роботтық техниканы дамытуға тиіспіз. Біздің жобаларымыз Қазақстан Республикасының Қарулы күштері тарапынан сұраныс болған және бекітілген тиісті тізілімге сәйкес келген жағдайда ғана жүзеге асырылатынын атап өткім келеді.

Қазақстан Республикасының әскери-теңіз күш­те­рінен кеме жасау және су асты техникасы ба­ғытындағы тапсырыстар шектеулі көлемде түседі. Осыны ескеріп, институт негізінен жоғары технологиялық өнімді  өндірісте бір-ақ мәр­те шығаруға маманда­н­ған. Мұны жергі­лікті кәсіпорынның өзіндік ерекшелігі деуге болатын шығар. Осының өзінде  өндіріске инновациялық сипат тән, шығарылатын өнім­нің түрлерін ұдайы жаңартып, техникалық сипатта­маларын жақсартуға жіті көңіл бөлінеді.

– Бір­жан Нұрлан­ұлы, бір жылдары БҚО-ға жұмыс сапарымен келген экс-Президент жергілікті кәсіп­орындарға мемлекеттен тапсырыс сұрай бермей, өз бетінше азаматтық өнімдер шығаруға талпыну керек екендігін айтқан еді. Содан бері не өзгерді?

– Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының қызметіндегі басым бағыттардың бірі – өндірістік әлеуетті, ғылыми-техникалық құзыреттерді азаматтық мақсаттағы жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге, өндірісті дамытуға пайдалану. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, «Гидроприбор» ұжымы мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарға қажетті өнім түрлерін барынша игерді деп айта аламыз. Тұрақты тұтынушыларымыздың қатарында «Жайықмұнай», «Теңізшевройл» ЖШС-лары және «Жайықжылуқуат» АҚ бар. «Балық шаруашылығы ғылымиөндірістік орталығы» ЖШС және Төтенше жағдайлар министрлігінің қажеттіліктері үшін 140-01 жобалық «Жайық» қайығын шығаруды жолға қойдық. Одан басқа су тапшы болған заманда тұрғындарды таза ауыз сумен қамту өзекті болып отыр. Осыған байланысты  ғылыми-зерттеу институты ауыз су өндіруге арналған кешенді модульдік қондырғының (КБМ ННВ-0,5) жобасын жасақтап, оның өндірісін игерді. Енді қондырғы орнату конкурстарына мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта осы қондырғының тәжірибелік үлгісін пайдалану арқылы тұрғындарға су сатылуда. Биылғы жылы кәсіпорын өткізген азаматтық өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті.

– Оралдағы қай зауытқа барсаңыз да, маман тапшылығы, жұмысшы мамандары жетіспейтінін естисіз. Сіздің компаниядағы ахуал қандай? 

– Бүгінгі таңда әскери-өнеркәсіптік кешеннің негізгі түйткілдерінің бірі білікті кадрлардың өткір тапшылығына тірелетіні  жасырын емес. Мамандарға «ашығудың» бірнеше себебі бар. Ұзақ жыл бойы құрылған іргелі ғылыми мектептерді қолдаудың мемлекеттік жүйесі соңғы онжылдықтарда жойылды. Әрине, бұл мамандардың сабақтастығы мен оларды ұдайы өсіру үрдістерінің бұзылуына әкелді. Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарындағы жалақының төмендігі, жұмысшылардың әлеуметтік жағынан қорғалуының әлсіздігі, кейбір кәсіпорынның технологиялық жағынан артта қалуы, білікті мамандарды даярлауға қаржы-қаражаттың жетіспеушілігі сықылды факторлар жағдайды қиындата түсті.

Елге техникалық мамандар қажет екені бірнеше жылдан бері айтылудай-ақ айтылып келеді. Күллі еліміз бойынша жұмысшы мамандар, технологтар, инженерлер жетіспейді. Оралдан білікті токарь, фрезировщик табудың қиын екенін айтсам, шанбайсыз ғой. Бірақ жағдай – сондай. Салмақты жобаларды «жандандыруға» шетелдік ғылыми басылымдардан жаңа теорияларды оқып, әдістерді өз бетінше игере алатын дарынды механик-жобалаушылар, мықты бағдарламашылар, электроника инженерлері қажет. Біз өзімізге қажет мамандарды өзіміз тәрбиелеп өсірудеміз. Бізге өнді-рістік тәжірибеден өтуге жергілікті жоғары оқу орындарынан инженер мамандығына оқып жүрген студенттер жиі келеді. Егер бос орындар мен қаржылық мүмкіндіктер болса, өзін жақсы қырынан көрсеткен машықкер-жастарды оқуларын бітірген соң жұмысқа қабылдаймыз. Осылайша олар өндірісте баға жетпес тәжірибе жинақтайды, дамиды, өседі. Сондай-ақ әрбір жас қызметкерге кәсіптік дағдыларды біртіндеп қажетті деңгейге жеткізуге, бейімделу кезеңінен өтуге көмектесетін ең білікті мамандары арасынан тәлімгер бекітіледі.

– Біржан Нұрланұлы, сіз басшылық жасайтын ұжымда қанша адам еңбек етеді? Кәсіпорындағы ғалым, жұмысшылардың орташа айлық жалақы шамасы қандай?

– Бүгінде өндіріс орнында 112 адам жұмыс істейді, оның жартысынан көбі – жоғары білімді, басқалары – орта арнаулы білімді. Кәсіпорын бойынша орташа жалақының шамасы 230 мың теңгені құрайды. Иә, ғалымдардың жалақысы, өкінішке қарай, өте төмен. Бұл жағдай жас мамандардың  тұрақсыздығын тудырып отыр. Өндіріс пен ғылымды ұштастырып, білім-біліктілігін жетілдіріп, дағды қалыптастырып, тәжірибе жинақтаған жас мамандар  мұнай-газ саласындағы жұмыстарға кетіп қалады. Мұндай мәселе бізде де бар. Ғылым бюджетін айтарлықтай ұлғайту қажет, оның бір бөлі-гін – жабдықты жаңартуға, бір бөлігін кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалғаны дұрыс. Қазіргі ғылым әскер секілді жақсы техникалық жабдықпен қамтамасыз етілу керек. Осы мәселеге көңіл бөлсек, нұр үстіне нұр болады.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале