9.04.2024, 11:15
Оқылды: 59

Біржолғы әлеуметтік көмек беріліп жатыр

Қазіргі таңда өңірде су тасқынынан зардап шеккен 502 отбасыға 92,7 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Исқақова айтып берді.

Ақша JP

Оның айтуынша, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Тасқала аудандары мен Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетілуде. Тасқын судың кесірінен қиын жағдайда қалған әр тұрғынға 184 600 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілуде. Су тасқынынан 1213 отбасы, 4295 адам (1295 бала, 430 зейнеткер, 80 мүгедектігі бар адамдар, 89 көпбалалы отбасы) зардап шекті.

– Бұл төлемдер жалғастырылуда. Зардап шеккендерден өтініштер қабылданып, актілер жасалуда. Тұрғын үй-лері су тасқынынан зардап шеккен 25 отбасыға (120 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мүмкіндігі шектеулі адамдар демеушілердің көмегімен техникалық көмекші орнын толтырушы құралдармен қамтамасыз етілді. Күні бүгін демеушілердің көмегімен олар жөргектермен, жаялықтармен, уақытша кресло-арбалармен қамтамасыз етілді, – деді Д. Исқақова.

Баспасөз мәслихатында облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Медет Айдынғалиев табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу тәртібін түсіндірді.

«Су тасқыны басылысымен қала мен аудандарда құрылған комиссиялар үй-үйді аралап, нақты жағдайдың қандай екендігін бағамдайды. Баспана жарамсыз деп таныла ма, әлде жөндеуге жата ма, қанша мал-мүлкі суға кетті, соның бәрі қаралады. Әкімдіктер тұрғындардың өтініші тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген шығынның мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Залал мөлшері анықталғаннан кейін қаражат бөлу туралы шешім қабылданады», – деді М. Айдынғалиев.

 

Мүлікке зиян келген жағдайда не істеу керек?

 

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген нұқсанды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы №1358 қаулысымен бекітілген қағидалармен анықталған тәртіпте жүзеге асырылады.

– Төлем алу үшін материалдық нұқсан келтірілген зардап шеккендер төтенше жағдай туындаған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде аудан немесе Орал қаласы әкімдігіне келесі құжаттар топтамасын ұсыну тиіс:

– қағидаға сәйкес нысан бойынша толтырылған материалдық нұқсанды өтеу туралы өтініш.

Зардап шеккен тұрғынның келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу туралы жеке жүгінуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, оның туыстары немесе өзге адамдар, сондай-ақ егер зардап шеккен адам кәмелеттік жасқа толмаған болса, оның заңды өкілдері сенімхат негізінде жүгіне алады.

Өтінішке келесі құжаттарды қоса ұсыну қажет:

– зардап шеккен адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

– төтенше жағдай туындаған кезден бастап немесе төтенше жағдайды жою кезеңінде зардап шеккеннің жойылған және/немесе бүлінген мүлкінің тізбесі.

– Ауданның, Орал қаласының әкімдігі өтініштер мен құжаттарды тіркеу журналында (осы қағидаларға сәйкес нысан бойынша материалдық шығынды өтеу туралы өтініштерді тіркеу журнал) зардап шеккен адамға құжаттарды қабылдағанын растайтын қолхатты бере отырып тіркейді.

– Материалдық нұқсанды өтеу туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде ауданның, Орал қаласының әкімдігінде қаралады.

– Ауданның, Орал қаласының әкімдігі өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күн ішінде бағалаушыны тарта отырып, келтірілген нұқсан-ның мөлшерін бағалауды ұйымдастырады.

Мүлікке келтірілген шығынның мөлшерін анықтау зардап шеккен адам мен бағалаушының қатысуымен жүзеге асырылады.

– Бағалаушы қорытынды шығарғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде ауданның, Орал қаласының әкімдігі аудан немесе қала бюджетінің резервінен қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды.

– Зардап шеккендерге төлем тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылады.

– Аудандық немесе қалалық бюджетте қажетті қаражат болмаған жағдайда ауданның немесе Орал қаласының әкімдігі жоғары тұрған резервке жүгінеді.

Тұрғын үйсіз қалған жағдайда қандай құжаттар жинау қажет?

Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1222 қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес тәртіпте жүзеге асырылады.

1. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтар төтенше жағдай туындағаннан кейін Орал қаласы, аудан әкімдігіне мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

1) Қағидаларда (1 немесе 2-қосымшалар) көрсетілген нысан бойынша жылжымайтын мүліктің меншік иесінің өтініші;

2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшір-
месі.

Төтенше жағдай салдарынан немесе оны жою кезеңінде мұндай құжат жоғалған немесе жойылған жағдайда – ішкі істер органдары берген уақытша жеке куәліктің көшірмесі;

3) тұрғын үйдің техникалық паспорты;

4) жер учаскесіне жеке мен-шік құқығын беретін акт;

5) жылжымайтын мүлiктiң жоқ (бар) екендiгi туралы анықтама («Азаматтарға арналған үкімет» Мемкорпорациясымен берілген).

  1. Ғимараттар мен құрылыстардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйін, беріктігі мен орнықтылығын, ғимараттар мен құрылыстарды одан әрі пайдалану мүмкіндігін айқындау мақсатында аудан, Орал қаласы әкімдігімен арнайы ұйымдарды тарту арқылы техникалық зерттеп-қарау жүргізіледі.
  2. Әкімдік 2 ай ішінде тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған азаматтардың тізімдерін қалыптастырады.
  3. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімдерін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік 2 күн өткен соң әкімдік төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде комиссия құрады.
  4. Комиссия ұсынылған құжаттардың және ауданның немесе Орал қаласының әкім-дігі қоса берген одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы ұсынымдары көрсетілген ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы қорытындының негізінде, 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шешім қабылдайды немесе жазбаша түрде дәлелді бас тартуды ұсынады.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болып қалған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі.

  1. Салынған тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға комиссия шешімінің негізінде беріледі.

Егер азамат үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған және шығыстарды өтеуді талап еткен жағдайда:

  1. Комиссия ұсынылған құжаттардың және ауданның немесе Орал қаласының әкімдігі қоса берген одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы ұсынымдары көрсетілген ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйі туралы қорытындының негізінде, 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алудың орнына үлгілік жобалар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу туралы шешім қабылдайды немесе жазбаша түрде дәлелді бас тартуды ұсынады.
  2. Азаматтардың жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу мөлшері төтенше жағдай жарияланған тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жаңа жеке тұрғын үй құрылысының бекітілген үлгілік жобасы мен сметалық құны негізге алынып айқындалады.

Азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан (қирағанның орнына) тұрғын үй алудан бас тартқан кезде олардың жеке тұрғын үй құрылысын дербес жүзеге асыру шығыстарын өтеу жаңа тұрғын үйдің үлгілік жобасының құны бойынша жүзеге асырылады.

  1. Комиссия хаттамалық шешім қабылдағаннан кейін әкімдік 5 жұмыс күні ішінде тұрғын үй иесімен тұрғын үй құрылысының әрбір кезеңінің аяқталғаны туралы растаушы құжаттаманы (орындалған жұмыстар актілерін) міндетті түрде ұсына отырып, қаражатты кезең-кезеңімен төлеу жөнінде келісім жасасады.
  2. Екіжақты келісім жасалғаннан кейін әкімдік 3 жұмыс күні ішінде азаматтарға қаражат бөлу туралы шешім қабылдайды.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале