Бұл жайлы облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтың төрағалығымен өткен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі облыстық комиссияның отырысында айтылды.
Күн тәртібінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы апаттық жағдайлар және атқарылған жұмыстар, автомобильмен тасымалдау саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде атқарылған жұмыстар, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 2020-2021 жылдардың күзгі-қысқы мезгілдеріне дайындығы туралы баяндамалар тыңдалды.
Жыл басынан бері 281 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 71 адам қаза тапты. 339 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Орал қаласының және облыс орталығының көшелерін күтіп ұстауға мемлекеттік бақылау және қадағалау барасында жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдары мен көшелерді күтіп ұстаудағы кемшіліктерді жоюға 373 ұйғарым беріліп, 40 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Ал қаржы жетіспеушілігіне байланысты 84 ұйғарым күні бүгінге дейін орындалмай отыр.
- Жергілікті атқарушы органдармен және жол кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл жасау барысында жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдау негізінде 33 бағдаршам орнатылып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 19 нысанның жаяу жүргіншілерге арналған шақыру түймелері бар. Сондай-ақ қаланың орталық көшесінде 29 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде түнгі уақытта күн батареяларының әсерімен жұмыс істейтін жарық беретін катафоттар жұмыс істейді. Ал реттелмейтін 15 жаяу жүргіншілер өткелінде «Қорғау» автономды құрылғысы орнатылды, - деді БҚО Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясының бөлім басшысы Алмаз Жұмапиев.
Жыл қорытындысы бойынша автомобиль тасымалдау саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылған шаралар туралы БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Момыш Ермек баяндады.
- Көліктік бақылау органдарының негізгі құзыреттерінің бірі - Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп өтуін, оның iшiнде отандық және шетелдiк тасымалдаушылардың республика аумағында белгiленген автокөлiк құралдарының рұқсат етiлген көлемдiк және салмақтық өлшемдерiн сақтауын бақылау. 2020 жылдың 11 айында жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 8502 (14380) автокөлік құралы тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40,9% төмен. Автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін тасымалдаушыларға жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 1519 (1077) әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, жалпы сомасы 50 млн. 098 мың (56 млн. 888 мың) теңге көлемінде айыппұл салынды. Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда айқындалған бұзушылық саны 40,1%-ға өскенін байқаймыз. Оның ішінде - шетелдік тасымалдаушыларға қатысты 1031 хаттама, айыппұл 29 млн. 444,6 мың теңге, отандық тасымалдаушыларға қатысты 488 хаттама, 20 млн. 653,9 мың теңге айыппұл салынды, - деді көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Ермек Момыш.
Одан әрі Орал қаласы жолдар желісінің 2020–2021 жылдардың күзгі-қысқы мезгілдеріне дайындығы және жол қозғалысын реттеу техникалық құралдарының жағдайы туралы, «Батыс Қазақстан облысының қауіпсіз жолдары» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасалып, ұсыныстар тыңдалды.
Ләззат Шағатай
zhaikpress.kz