29.12.2022, 11:15
Оқылды: 49

Биыл Отбасы банкінің 80 мыңға жуық клиенті қоныс тойын тойлады

Отбасы банк 78 686 қазақстандық отбасыға баспаналы болуға көмектесті. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға 2022 жылы дәл осынша заем берілді.

6

Оның ішінде, мемлекеттік бағдарламалар аясында кезекте тұрған 10 518 адам Отбасы банк көмегімен тұрғын үйлі болды. Бақытты отбасы бағдарламасы бойынша 1 247 қазақстандықтың баспана мәселесі шешілді. Шаңырақ бағдарламасымен 5 989 отбасы жаңа қонысқа көшсе, Нұрлы жер бағдарламасының арқасында 3 282 отбасы өз шаршы метрлеріне қол жеткізді.

Бүгінгі таңда Отбасы банк ұзақ мерзімді депозиттер нарығында бірінші орында тұр. Қазір банктің 2,5 млн салымшысы болашақ баспаналарына қаражат жинап жатыр. Күн сайын банкте 2 мыңға жуық жаңа депозит ашылады. Олардың иелері алғашқы жарнаға қажетті соманы жинап, жылдық 3,5%-дан 11,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. 2022 жылы 600 719 қазақстандық Отбасы банкінен жаңа депозит ашқан. Банктің жалпы депозиттік портфелі 2 трлн теңгеге тең.

Ипотека нарығында да Отбасы банк көш бастап тұр. Осы жылдың қорытындысы бойынша ол қазақстандық ипотеканың жалпы үлесінің 67%-ын берген. Бұл ретте банк NPL-дің ең төменгі деңгейін (90 күннен артық мерзімі өткен қарыздар) сақтап қалды, қазір ол – 0,08%, ал банктер арасындағы бұл көрсеткіштің орташа деңгейі 3,68%-ға тең.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне халық сенімі артқан сайын банк клиенттерінің қатары мен олар жасайтын операциялар саны да көбейіп келеді. Сондықтан, қазір банктік процестердің дені толықтай цифрландырылып, онлайн режимге көшіріліп жатыр.

«Биыл онлайн арналардың көмегімен 2,5 млн операция жасадық. Адамдарға қымбат уақыттарын үнемдеуге көмектескіміз келеді. Алдымызға зор мақсат қойып отырмыз – 2025 жылға дейін банк ұсынатын барлық операцияларды клиенттерге онлайн режимде қолжетімді ету. Біз ЕДБ-нің ішінде Вlockchain жүйесін алғашқылардың бірі болып енгіздік. Аталған технологияны пайдалана отырып, банк клиенттері несиені мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, бірнеше минут ішінде кепіл шартын қашықтан тіркей алады немесе кепілде тұрған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды алып тастай алады. Бүгінгі күні Blockchain 500 мыңнан астам сағатты үнемдеуге және Отбасы банктің 30 мыңға жуық клиентіне қашықтан сұранысқа ие қызметтерді қолдануға көмектесті», - деп түсіндірді «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жаңа технологиялар жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасын онлайн, жылдам іске қосуға көмектесті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша осы жобаның операторы болып Отбасы банк тағайындалды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін өтініш беру, бағдарлама шарттарына сәйкестігін тексеру, жалға берушімен келісімшарт жасау және 50% көлеміндегі субсидияны алу процестері otbasybank.kz цифрлық платформасында жүзеге асып жатыр.

Дәл сол otbasybank.kz порталында қазақстандықтар баспана таңдап, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш жолдай алады, банктің жеке бағдарламалары аясында құрылыс салушыдан немесе екінші нарықтан ең жақсы пәтерлерді таңдап, сатып ала алады. Күн сайын платформаға шамамен 6000 адам кіреді.

Сондай-ақ, otbasybank.kz сайты арқылы онлайн-ипотекаға да өтініш беруге болады. Бұл қызмет коммерциялық нарықтан жаңа немесе қолданыстағы тұрғын үйді сатып алғысы келетіндер үшін қолжетімді. Бұл опцияны қазірдің өзінде 1 800 адам пайдаланып үлгерді.

2022 жылдың 1 қазанынан бастап банк өз клиенттерінен өтемақы алуға өтініштер қабылдай бастады. Қолданушыларға ыңғайлы болу үшін бұл процесс онлайн режимінде іске қосылды. 2022 жылдың 26 желтоқсанындағы жағдай бойынша, қазақстандықтардан жалпы сомасы 114 млрд теңгені құрайтын өтемақы алуға 814 мыңнан астам өтініш түскен.

Биылғы жыл өңірлерде жастарды баспанамен қамту бағдарламаларын іске қосуда серпінді жыл болды. Бұл бағдарламалар жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, журналистерге, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, коммуналдық қызмет, ішкі істер бөлімі, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне қолжетімді несие алуға мүмкіндік берді.

Жастар бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша жергілікті әкімдіктер мен Отбасы банктің жалпы бюджеті 62,7 млрд теңге тең.

Бүгінде Алматы, Астана қалаларында және Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу, Абай облыстарында жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламалары іске қосылды.

Жаңа жылдан бастап Отбасы банк Қазақстанда алғаш рет «жасыл ипотека» бағдарламасын іске қоспақ. Бұл – қазақстандықтарға «жасыл стандарттар» бойынша салынған, энергия үнемдейтін тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алуға несие беріледі деген сөз.

«Жасыл ипотека» бойынша алғашқы жарна – 20 пайыз. Ол бар болса, банк клиенттері алдын ала заем ала алады. Мұндай несие бойынша мөлшерлеме 12,5%-ға тең. Оны клиент алғашқы 10 жыл ғана төлейді, кейін берешек жылына 3,5%-5%-ға дейін төмендейді.

«Жасыл ипотека» бойынша несиенің ең жоғары сомасы – 35 млн теңге. Кредитті тек жаңа баспана сатып алуға ғана қолдануға болады. Тұрғын үйді ӨМІР, Р МЕМСТ, BREAM немесе LEED стандарттарына сәйкестік сертификаты бар нысандардан ғана сатып алуға болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале