7.01.2025, 10:30
Оқылды: 1240

Биыл зейнет жасы өзгере ме?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2025 жылға арналған зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жеткілікті шек мөлшерлемесін жариялаған болатын. Зейнетақы жинақтары бойынша тұрғындарды толғандыратын өзекті сауалдардың жауабын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Гүлмира Рашевадан білген едік. Сұрақ-жауап күйінде назарларыңызға ұсынамыз. 

ЖП ақша

-  Зиянды  өндірістерде жұмыс  істеген  азаматтарға берілетін  арнаулы   әлеуметтік  төлем  туралы ақпарат  алуға   бола  ма? 

- Зиянды өндірістерде ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарға берілетін арнаулы әлеуметтік төлем 2024 жылдың басында енгізілді. Ол төрт қаржы көзінен: республикалық бюджет, өмірді сақтандыру компаниялары, жұмыс берушілер­дің қаражаты есебінен; сондай-ақ БЖЗҚ-дағы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен төленеді. Оны тағайындау үшін қызметкерге кемінде 84 күнтізбелік ай мерзім бойына МКЗЖ төленуі керек, сондай-ақ ол жұмыстан шығуға немесе денса-улыққа зиянсыз қызметке ауысуға міндетті. Төлем қызметкер 55 жасқа толғаннан кейін ғана тағайындалады. Егер қызметкер барлық талаптарға сай болса, онда оған барлық төрт қаржы көзінен толық төлем жасалады.

Егер қазақстандық азамат зиянды өндірісте бұрын жұмыс істеген болса, онда  арнаулы әлеуметтік төлемді рәсімдей алады. Төлем жасауға қойылатын талаптар да дәл осындай, бірақ  төлем төрт жерден емес, тек екі құрылымнан: «БЖЗҚ» АҚ және республикалық бюджеттен берілетін  болады. Оны рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік  корпорациясына  (ХҚКО)  жүгіну  қажет.

- Егер  Қырғызстан  немесе  Ресей азаматы  Қазақстанда  жұмыс  істесе,  ол  зейнетақы  ала  ма?

- Қазақстанда жұмыс істеген жылдары үшін зейнетақыны Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше ел-дердің азаматтары ала алады. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсызданды-ру туралы келісімнің арқасында мүмкін болды. Оны 2021 жылы барлық қатысушы мемлекет ратификация-лаған болатын. Бұл құжатқа сәйкес, өзге елдегі еңбек өтілі үшін зейнетақы төлемдерін алуға рұқсат етіледі. Яғни егер ЕАЭО-ға кіретін елдің азаматы Қазақстанда жұмысқа орналасса, онда зейнетке шыққаннан кейін ол біздің республикамызда еңбек еткен уақытындағы жинағы есебінен зейнетақы төлемдерін рәсімдей алады. ЕАЭО-ға кіретін мемлекеттерде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына да осындай жағдай жасалуда: олар осы елдерде жұмыс істеген жылдары үшін сол елдің азаматтарымен тең дәрежеде зейнетақы алатын болады.

Басқа мемлекетте еңбек еткен кезіңіз үшін зейнетақы алудың басты шарты – ресми жұмысқа орналасу. Зей-нетақыны рәсімдеу кезінде Қазақстандағы 1998 жылдан кейінгі жұмыс өтілін БЖЗҚ-да, ал оған дейінгіні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  комитетінде  растауға  болады.

- Адам  қайтыс   болғаннан кейін   жинақтары  БЖЗҚ-да қала  ма,  әлде   мұрагеріне   беріле  ме?

- Салымшының барлық жинағы оның меншігі болып табылады және олар мұрагерлікке өтеді. Қайтыс болған адамның отбасы жерлеу төлемдерін ала алады, ал қалған ақша мұрагерлерге бөлінеді. Жерлеуге арналған төлем сомасы 94 айлық есептік көрсеткішті құрайды, бірақ шоттағы жинақтардан артық болмауы тиіс. Шотта қалған жинақтар ҚР Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Бұл өсиет бойынша мұрагерлік болуы мүмкін, онда отбасы мүшелеріне жатпайтын адамдар да көрсетілуі мүмкін. Өсиет қалмаған жағдайда, мұрагерлік тәртібі азаматтық заңнамамен анықталады. Бірінші кезектегі мұрагерлер - салымшының балалары, жұбайы  және ата-анасы. Одан арғы кезектілік ҚР Азаматтық кодексінде айқындалған.

Егер мұрагер / мұрагерлер құжаттар топтамасын толық көлемде ұсынса, БЖЗҚ құжаттарды қабылдаған неме-се БЖЗҚ-ға түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде төлемді жүзеге асырады. Қаражат мұра-гердің/мұрагерлердің  банктік  шотына  түседі.

– Зейнетақы  қорынан   берілетін  төлемдердің   шегі  бар  ма?

– БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері шектеусіз. Ол зейнетақы жинақтарының мөлшеріне байланысты  және әр азамат үшін жеке есептеледі. Жинақ сомасы 6,5%-ға көбейтіліп, 12-ге бөлінеді. Осы-лайша, ай сайынғы төлем мөлшері алынады. Жыл сайын ол 5%-ға артады. БЖЗҚ-дан берілетін төлемнің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70% мөлшерінде болуға тиіс, ал ең жоғары мөлшері шектелмейді.  Айта кету керек, төлемдер зейнетақы жинақтары таусылғанға  дейін  жүргізіледі.

- Балалардың  «Ұлттық   қор  – балаларға»   бағдарламасына қосылғаны  туралы   ақпаратты қалай   тексеруге  болады?

- «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде баланың нысаналы талаптарға қатысушылар тізіміне енгізілгендігі туралы ақпаратты кәмелетке толмаған тұлғаның ата-аналары немесе басқа да заңды өкілдері kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН-ы бойынша тексере алады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысып, нұсқаулықтар, қызықтырған сұрақтарыңызға жауаптар алуға болады. Сондай-ақ ата-аналар әрбір балаға есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы жеке кабинетінен тексеруге мүмкіндігі бар.

2024 жылы 18 жасқа толатын қазақстандықтар нысаналы жинақтау шоттарына (НЖШ) түскен қаражатты БЖЗҚ интернет-ресурсындағы және  «электронды  үкіметтің» веб-порталындағы жеке кабинет арқылы  дер-бес  тексере  алады.

- Егер  балаға  «Ұлттық  қор – балаларға»   бағдарламасы  шеңберінде  нысаналы жинақтар  есептелмесе,   яғни  шотына   қаржы  аударылмаса  не  істеу  керек? 

- Егер отандастарымыз баласына «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде қаражат есептелме-генін анықтаса, оның туу туралы куәлігінің немесе жеке куәлігінің болуын, баланың жеке деректерінің дұры-стығын, сондай-ақ олардың «электронды үкімет» порталындағы жеке кабинетінде тіркелгенін тексеру қажет. Құжаттар болмаған жағдайда тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға жүгіну маңызды. Егер баланың азаматтығы болмаса, анықталмаса немесе дұрыс көрсетілмесе, онда тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгіну керек. Қателер түзетілгеннен кейін Ұлттық қордан  нысаналы талаптар немесе нысаналы жинақтар және оларға есептелген инвестициялық  кіріс  өткізіп  алған  кезеңді  ескере  отырып,  толық  есептелетін  болады.

- Жаңа  жылда  зейнет  жасына  қатысты  өзгеріс  бола ма?

- 2025 жылы зейнет жасы ерлер үшін де, әйелдер үшін де өзгермейді. Ерлер зейнетке 63 жаста, әйелдер 61  жаста  шығады.

2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы осы деңгейде сақталады, содан кейін зейнетақы реформасы аясында  біртіндеп  көтеріле  бастайды:

2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жас;

2029 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жас;

2030 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жас.

2031 жылдан бастап әйелдер үшін зейнет жасының ең жоғары деңгейі – 63 жас болады.

2025 жылы 1962 жылы туған ер-азаматтар мен

1964  жылғы  әйелдер  зейнетке  шығады.

- БЖЗҚ  зейнеткерлерге  қандай  зейнетақы  түрлерін  төлейді?

- Қазіргі зейнетақы үш құрам­да­уыштан тұрады: базалық, ортақ және жинақтаушы. БЖЗҚ тек жинақтаушы құрамдауыш бөлігін төлейді, ал базалық және ортақ зейнетақыны мемлекет төлейді. Алайда  зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан жарналардың міндетті түрлері есебінен зейнетақы төлемдерін, сондай-ақ бюджеттен берілетін базалық және ортақ зейнетақы тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» (ХҚКО) корпорациясына жүгінулері қажет. БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен БЖЗҚ-да зей-нетақы жинақтары бар ер адамдарға 63 жасқа толғанда, ал әйел азаматшаларға 61 жасқа толған кезде беріледі. Әйелдердің жас шегі уақыт өте келе өзгереді. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жас; 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жас; 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жас; 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жас; 2031 жылғы  1  қаңтардан  бастап – 63  жасқа  толғанда.

Зейнетақы төлемін алуға өтініш берген кезде жиынтығында кемінде 84 күнтізбелік ай міндетті кәсіптік зей-нетақы жарналары төленген 55 жасқа толған адамдар да кәсіптері уәкілетті мемлекеттік құрылым бе­кіткен тізбеде көзделген еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда еңбек қызметі тоқтатылған жағдайда, зейнетақы жинақтарын арнаулы әлеуметтік төлем құрамында ала бастайды.  Ол  үшін  ХҚКО-ға  да  жүгіну  керек.

Зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін, яғни мерзімсіз бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар ала алады. Бұл жағдайда БЖЗҚ бөлімшелеріне немесе БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет  арқылы жүгіну қажет. Бұл төлемдер­дің барлығы кесте бойынша,  яғни  ай  сайын  жүзеге  асырылады.

Ерікті зейнетақы жарналарын 50 жастан бастап немесе мүгедектік бойынша алуға болады. Оның мөлшері мен жиілігін  жарна  алушылар  өздері  белгілейді.

– Биыл  зейнетақы  жинағы   бойынша  ең  төменгі  жеткіліктілік  шек  мөлшері  өзгере  ме?

- 2025 жылға арналған ең төменгі жет­кі­ліктілік  шектерінің (ТЖШ) өлшемдері 2023-2024 жылдардағы деңгейінде  өзгеріссіз  қалды.

ТЖШ (ең төменгі жеткіліктілік шегі) – бұл алынбайтын және салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотында қалуы тиіс сома. Сондықтан БЖЗҚ-дағы жинақтың бір бөлігін мақсатты пайдалану үшін алған кезде са-лымшының жасына байланысты өзгеріп отыратын осы шекті қаражат шотта қалуы қажет. ТЖШ әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, сондай-ақ  болашақ зейнетақы жарналарының болжамды есептеулеріне (ең төменгі жалақы мөлшерінен), инвестициялық кіріске, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшеріне, зейнет­ақының ең төменгі мөлшеріне, базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс  мөлшеріне  сүйене  отырып  айқындалады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы қазақстандықтарға зейнетақы жинағының ар­тық бөлігін (ТЖШ-дан аса-тын) тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге немесе сенімгерлік басқаруға беру мақсатында пайдалану мүмкіндігі берілді. Игілікке жұмсауға болатын қаражат көлемі туралы толық ақпаратты БЖЗҚ-ның  ресми  сайтынан  қарауға  болады.

Дайындаған Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале