Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн-форумы өтті.
Форумда індетке қарсы күресте белсенділігімен көзге түскен бір топ азамат «Халық алғысы» мерекелік медалімен марапатталды. «Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай, мен «Халық алғысы» атты арнайы медаль тапсыруды ұйғардым. Бұл – осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған жаңа мемлекеттік марапат. Осы медаль нағыз отаншыл жандарға тапсырылады деп сенемін. Бүгін «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн-форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапаттаймыз. Жалпы, пандемияға қарсы науқанға белсенді атсалысқан ел тұрғындары мемлекеттік наградалармен марапатталады. Осы індеттен құтылған соң Елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек», – деді Президент.
Жалпыұлттық онлайн-форумы барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев коронавируспен күресте көзге түскен түрлі сала қызметкеріне медаль табыстап, жылы лебіз білдірді.
ҚР Президенті Жарлығы бойынша Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының бөлім басшысы Дулат Жүсіпқалиев, Орал қаласының полиция басқармасының Абай полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Азамат Тұрлыбаев, «Сырым» автокөлік бақылау бөлімшесінің бастығы Сұлтан Алханов, Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Артур Шерғалиев, Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Айгүл Мұстафина, облыстық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігері Ерғали Тұрғынбаев, «Матевосян» шаруа қожалығының басшысы Александр Матевосян, «Студия Web-Design7.kz» ЖШС директоры Иван Мельников, БҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары Медет Айдынғалиев «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
zhaikpress.kz