27.06.2023, 10:30
Оқылды: 71

«Біз – бренд дүние-мүлік, бренд киім-кешекпен бәсекеге түспейтін, рухани биік жандармыз»

Гүлмира Тілеубаева десе, облыстың айнасы саналатын «AQJAYIQ» телеарнасының тұрақты көрермендері елең ете қалары анық. Өйткені ол өңірлік арнада 20 жылдан астам  еңбек етіп, көрермен көзайымына айналды. Қашан көрсеңіз де, ибалы қалпынан айнымай, жылы жымиып жүретін әріптесімізбен журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында тілдесудің сәті түсті. Білікті маман, тәжірибелі журналиспен емен-жарқын әңгімелесу барысында оны тағы бірнеше қырынан танып, тәнті болдық. Шаңырақтың шамшырағы – аяулы ана, ардақты жар, енеден ақ бата алған сыйлы келін екенін аңғардық. Тіпті, «дипломы жоқ» дәрігер,  бағбан, керемет  аспаз екен.

a633a23c-9ea2-4b04-8fe6-5393b6c1e939

 Гүлмира Тілеубаева суретте оң жақта

Гүлмира Жұмабайқызы 1970 жылы Казталов ауданының Бостандық ауылында, көпбалалы отбасында, яғни Тілеубаевтар әулетіндегі он перзенттің жетіншісі болып жарық дүниеге көрінген.

Әкесі Жұмабай шопыр болып жұмыс істесе де, әдебиетке, әсіресе, поэзияға жаны құштар болған. Ел арасында шебер сөйлейтін шешендігімен, суырып-салма ақындығымен танылған. Балаларының сауатты, жан-жақты білімді болғанын қаласа керек, республикалық, облыстық мерзімді басылымдарға, әсіресе, «Қазақстан пионері», «Дружная ребята», «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз», «Жалын», «Зерде», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас»  газет-журналдарына үзбей жазылып отырған.

– Газет-журнал келген күні біздің үйде мейрам болатын. Пошташы Ләтипа апайды асыға күтетінбіз. Келген басылымдарды таласа-тармаса оқып,  өзара ой бөлісетінбіз. Ол кезде елдің бәрі газет-журналды еш үгіттеусіз, өз ынта-ықыласымен жазылып алатын еді ғой. Әкем біздің жан-жақты жетілгенімізді қалағаны соншалық, «Қазақфильмнің» журналына дейін алдыратын. Сондағысы мәдениеттен хабардар болып, театр мен кино әртістерін, рухани тұлғаларды, өнер жұлдыздарын сырттай болса да, тани жүрсін деген ойы ғой. Соның арқасында біздің үйдің балалары өте сауатты, шығармашылыққа бейім, оқуда озат, жан-жақты болып өсті деп ойлаймын, – деп еске алады бүгінде кейіпкеріміз.

Әкенің талпынысы текке кетпеді. Гүлмира Жұмабайқызы мектеп кезінен қолына қалам алып, жазуға талаптанады. 4-кластан бастап оларға бертін келе облыстық телеарнаның алғашқы дикторларының бірі болған Гүлбану Шынтемірова сынып жетекшісі болып келеді. Өте талапшыл, аса білімді ұстаздың арқасында бұл сыныптың оқушылары қандай жарыстан да бас жүлдені бермейтін. Әрі барлығы шетінен сауатты-тұғын. Өйткені ұстаз бәріне ортақ «Адам, ең алдымен, мәдениетті сөйлеп,  сауатты жазып және сауатты әңгімелесе білуі керек» деген талап қойған. Сондай-ақ Жұмабай әкейдің  ұл-қызының барлығы домбыраға әуес болатын. Әр сенбі сайын үйде концерт ұйымдастырады екен. Көрермені – ата-анасы, ал сахна – терезенің алды (подоконник). Терезенің жабыны ашылып, «Аспаймыз, саспаймыз, қара жерді баспаймыз. Атыраудан келген концертімізді  бастаймыз» деп  өнер кеші басталатұғын. Бүгіндері Гүлмира әпкеміздің бауырларының барлығы да өмірден өз орнын тауып, түрлі салада жемісті еңбек етуде.

– Ата-анамның он перзентінің ішінде қолына қалам ұстаған мен болдым. 1987 жылы мектеп бітіріп, Қазталов аудандық «Коммунизм жолы» газетіне тілші болып орналастым. Ол кезде журналистика факультетіне оқуға тапсыру үшін кемі бір жыл еңбек тәжірибең болуы керек еді. Сөйтіп, аудандық газетте еңбек жолымды бастадым. 17 жаста болсам да, ортанқол маман атқаратындай әжептәуір жұмыс істеген екенмін, қазір ойлап отырсам. Мақала-материал жазудан бастап, аудармалар мен мемлекеттік құрылымдардың хабарламаларын нөмірге дайындау секілді бірқатар жұмысты атқаратынмын. Аудандық редакцияда бір жыл қызмет еткен соң 1988 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  журналистика факультетіне оқуға түсіп, телерадио кафедрасында бес жыл білім алдым, – деді кейіпкеріміз.

Г. Тілеубаева 1993 жылы университетті бітіргеннен кейін облыстық телеарнаға келіп, тәжірибе жинақтаған. Бірақ әбден бауыр басып қалған арман қала Алматыға құштары ауады да тұрады. Ақыры сол жаққа аттанып, қазақ радиосына қызметке орналасады. Ол кезде Шерхан Мұртаза телерадиокорпорацияның төрағасы еді. Қазіргі таңда елімізге белгілі журналистер Еркін Байғабылұлы, Айнұр Дайрабаева, Нұржан Қуантайұлымен бір бөлмеде отырып, еңбек жолын бастап кетеді. Аталған ұжымға өрімдей жас боп келген мамандар шеф редактор Қайрат Мұсақұлов, Алмаш Жолтаевтан тәлім алып, радио саласының ардагерлері Үмітжан Балтаева, Руслана Құдайбергенованың алдын көріп, білімін жетілдіріп, кәсіби білігін шыңдай түседі.

Бірер жылдан соң Ермек есімді азаматқа тұрмысқа шығып, перзент сүйеді.  Алматыға терең білім алу үшін барған бойжеткен Гүлмира осылайша бірнеше жылдан соң туған жеріне келін болып оралады.

– Бір үйдің жалғыз ұлына тұрмысқа шықтым. Енем 34 жасында жесір қалып, екі қызы мен ұлын жалғыз өзі жетілдірген екен. Сол кісіге қарайласу керек болды да, отбасымызбен Қазталов ауданына көшіп келдік. Ол кезде заман қиын еді. Ақша да, азық та тапшы. Сөйтіп, қиыншылық басқа түскеннен кейін емізулі ұлымды әжесіне қалдырып, аудандық әкімдікке қызметке шығып кеттім. Ол жерде бақандай жеті жыл еңбек етіппін. Сол жылдары аудан әкімі Иманғали Нәсіпқалиұлының бастамасымен ауданда телеарна ашылды. Мен сол мекемеге қызметке ауыстым. Қал-қадеріміз келгенше түрлі бағыттағы бағдарламаларды дайындап, 39 000 тұрғыны бар Жалпақталға әжептәуір хабар тараттық. Кейін 2001 жы-лы облыстық телеарнадан ұсыныс түсті. Сөйтіп, Оралға қоныс аудардық. Осылайша  менің облыстық телеарнадағы қызмет жолым басталды, – деп еске алды өткен шақты Гүл әпке.

«AQJAYIQ»-тағы қолтаңба

Жиырма жылдан бері «AQJAYIQ» телеарнасында қызмет істеп келе жатқан  Г. Тілеубаева қосымша 2003-2005 жылдары Ұлттық арнаның меншікті тілшісі міндетін мінсіз атқарған. Ол кезде меншікті тілшілердің қызметін Ғалым Доскен, Ғалым Боқаш сынды білікті журналистер қадағалаған екен. Олардың талаптары өте қатаң болатын. «Бізге әкімдердің іссапары, үй, жол тапсырғаны туралы сюжет керек емес. Мұндай істерді әкімдер жарнамаламай-ақ жасауы тиіс. Журналист деген – қоғамның  тамыршысы ретінде елдің жай-күйін анық біліп, ашық көрсетуі керек» деп, ел ішіндегі көкейкесті мәселелерді қаузап, өткір сюжеттер жолдауды талап ететін. Сөйтіп, бірқатар маңызды мәселені желеу етіп, күн сайын эфирге сюжет жолдайды. Кейіпкеріміз екінші ұлын босанған соң 2006 жылы түбегейлі  облыстық телеарнадағы қызметіне  қайта оралады.

 Гүлмира Жұмабайқызы телеарнада жүріп, тақырыбынан бастап, әр деталіне дейін салмақты бірқатар фильм дайындаған. 2007 жылы алғаш рет «Жымпитылық немістер» деген фильм түсірді. Бұл туындыда сонау қуғын-сүргін кезі мен сұрапыл соғыс жылдары қазақ жерінен пана тауып, елімізді құтты қоныс санап кеткен, Сырым ауданындағы Аралтөбе, Бұлдыртыдағы немістер жайлы сыр шертеді. Деректі туынды еңбек ардагері Ғаділше Өтебалиевтің осы аттас кітабы негізінде дайындалған. Кейін қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ қыздарынан шыққан  тұңғыш дәрігерлердің бірі Шахзада Шонанова туралы «Аяздағы ақ шуақ», Сәкен Ғұмаров туралы «Ғарыш мінезді адам», Ғарифолла Құрманғалиев жайында «Әнші даусы», Дәулеткерей күйші хақында «Дәулеткерей» деген деректі фильмдер түсірді. Биыл тарихшы ғалым Бақтылы Боранбаеваның кітабы бойынша «Ордадағы ойран: тарихи депортация» атты фильм көрермен қауымға жол тартты. Бұл туындылардың барлығы республикалық байқауларда жеңімпаз атанған.

– Бұл фильмдердің көрермен тарапынан жылы лебізге бөленіп, байқаулардан жүлделі болуы менің ғана еңбегімнің нәтижесі емес. Жалпы, барлық  телеөнім – шығармашылық ұжымның жемісі. Біз түсірген телетуындыларда  оператор, режиссер, дыбысты реттейтін мамандар, гример, ақыр аяғы көлік жүргізушінің де еңбегі орасан. Сен қанша мықты болсаң да, бір маманнан титтей қате кетсе, еңбегің еш болғаны. Жалпы, фильм дайындау барысында бізге толықтай еркіндік берілетін. Қажет жерге іссапарларға баратынбыз. Архив қорларынан бұрын еш жерде жарияланбаған бейнеқорларды алып жүрдік. Бұл ретте телеарнаға 22 жыл басшылық жасаған Асыланбек Зиннатұлының еңбегі ерекше. Қай тұрғыда да қолдау білдіріп, жанашырлық танытып жүрді, - дейді кейіпкеріміз.

Гүлмира Жұмабайқызы жұмыс барысында тақырыптық хабарлар бөліміне жетекшілік ете жүріп, көптеген жасты тәрбиелеп, білгенімен бөліскен, барынша қолдау көрсеткен. Тек қазіргі жастардың телеарнаға елге танылып, бірден жұлдыз болу үшін келетініне қынжылады.

– Бүгіндері мектептерде диктант жазбайды, грамматика жеткілікті оқытылмайды. Соның салдарынан сауатсыз жазатын, ойын нақты жеткізе алмайтын жастар өте көп, өкінішке орай. Тәжірибе жинақтауға журналистика факультетін бітірсе де, шағын ақпарат жаза алмайтындар да келеді. Барынша үйретеміз, бағыт-бағдар береміз. Ал кейде басқа мамандық иесі болса да, талпынысы мен еңбекқорлығының арқасында айтқаныңды қағып алып, тым тәуір нәтижеге қол жеткізетін жастар да баршылық. Солардың бірі – Назгүл Пахман деген қызымыз. Жуырда ғана жұмысқа орналасса да, қарым-қабілетінің арқасында қазір кез келген бағдарламаны дайындауға сеніп тапсыруға болады. Жалпы, жастар үйренемін десе, мүмкіндік көп. Бәріміз де журналист болып тумадық. Басында жасқаншақтап, ұялып жүріп, уақыт өте төселдік. Тек ынта болса болғаны. Сонымен қатар журналист боламын деген жастар өте сауатты, ізденімпаз, еңбекқор болуы шарт, - дейді бүгіндері танымал тұлғаға айналған мақтаулы маман.

«Бардың қадірін білмей жүрсіңдер-ау…»

Әріптесіміз қызмет барысында ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілікте де  мақтаулы жан. 23 жыл енесінің бабын тауып, ғұмырының соңғы төрт  жылында төсек тартып жатып қалғанында баладай мәпелеп, аппақ қылып бағып, ақтық сапарға аттанарында ақ батасын алып қалған. Асыл жарының анасы туралы сөз болғанда көзіне жас алып, сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті.

– Менің енем алтын адам, өте керемет жан еді. 40 жыл ұстаздық  етіп, ағылшын тілі пәнінен сабақ берген, кейін мектеп директоры болған. Үй мен түзді қатар алып жүрудің қаншалықты қиын екенін өз басынан өткерген соң ба екен, әкімдікте де, телеарнада да қызметте жүргенімде, бірнеше күндеп, тіпті  апталап іссапарға шыққанымда да маған артық сөз айтқан емес. Қос немересін алып қалып, мен келгенше шаңырақты шыттай қылып ұстап отыратын. Ал мен іссапарда жүрсем, міндетті түрде «Мамама» деп  көйлектің жақсысын, кәмпиттің тәттісін алатынмын. Ортамыздан кеткеніне жеті жылдың жүзі болды, орны ойсырап тұр. Қазір интернетте бір видео жүр ғой, «Әлемдегі ең бақытты келін енесінен бөлек тұратын келін» деген сипаттағы. Соны көріп, ішім күйді. «Әй, бардың қадірін білмей жүрсіңдер-ау...» деп ойладым іштей. Үйде үлкен кісі болса, есігің кілттенбейді, төріңнен құтты қонақ арылмайды. Анамыз барда солай еді. Қалаға алғаш көшіп келгенімізде пединститут ауданында жатақханада тұрдық. Жағдай бар-жоқ демейміз, тұтас ауыл келетін анамыздың халін сұрап. Өзі қарсылап, ерекше күтетін. Жағдайдың жоқтығына қарамай, қонақ шақыра беретінбіз. Соның бәрі қазір сағынышқа айналды, – дейді Гүлмира ханым. Сондай-ақ кейіпкеріміз  отбасы мүшелері сырқаттанып қалса, дәрі-дәрмекке қоса, өзі халықтық ем-дом жасап, дәрігердің көмегінсіз, өзі емдеп алатынын, бос уақытында гүл баптайтынын айтты.

Гүлмира Жұмабайқызы отағасы екеуі қос батырды тәрбиелеп өсірген. Тұңғышы Райымбек спорт мамандығын таңдағанымен, бизнеске құштар екен. Бүгінде түрлі бағытта талаптанып, қарым-қабілетін байқап жүр. Ал екінші ұлы Расул әжесінің жолын қуып, Алматыдағы Абылай хан атындағы университетте шет тілі мамандығы бойынша білім алып жүр.  Қазақ және орыс тілдеріне қоса ағылшын және испан тілін меңгерген. Отағасы – 20 жылдан астам уақыт бойы Орал қаласындағы  №21 мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Осы уақыт аралығында көптеген чемпион тәрбиелеген мықты бапкер.

Кейіпкеріміз өзінің ең бақытты шағы ретінде екінші ұлын жарық дүниеге әкеліп, кеудесіне басқан кезді айтады. «Тұңғышымды босанып, 20 күн ғана еміздім де, әжесі бауырына салды. Мен қызметке шығып кеттім. Содан ба екен, аналық сезімді аса сезіне алмадым. Әрі жас болдым ғой, араға 11 жыл салып, Расулым өмірге келгенде ғажайып аналық сезімді сезіндім. Қазір де көп жылдан кейін балалы болып немесе сәби сүйіп, қуанышқа кенеліп жатқандарды көрсем, еріксіз жылап қаламын. Жалпы, біз журналистер – жүрегі жұмсақ, арманшыл, сезімтал жандармыз ғой. Біздің арманымыз да, ойларымыз да, тіпті айтатын әңгімелеріміз де бөлек. Менің байқайтыным, біз көп  ортадан рухани биікпіз. Кейде бір отырыстарда болмайтын бренд, жылтыр ыдыстарды сөз етіп отырған қыз-келіншектер-ді көріп, «Бұлардың ыдыс-аяқ, киім-кешектен басқа айтатын әңгімесі де қалмапты ғой...» деп ойлайсың еріксіз. Сол арманшыл, жақсылыққа сенгіш, айналасына кең пейілмен қарап, өзгеге жаманат жасамақ түгілі, жаман ой ойлаудан ада, осындай абзал мамандық иесі болғаным үшін шексіз бақыттымын! - деп түйіндеді әңгімесін кейіпкеріміз.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

 

Редакциядан: Осыдан біразырақ уақыт бұрын Гүлмира Тілеубаева «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Біз Гүлмира Жұмабайқызын жаңа қызметімен құттықтай отырып, әріптесімізге жемісті еңбек, абыройлы қызмет және отбасылық баянды бақыт тілейміз!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале