5.03.2021, 9:41
Оқылды: 67

«Біз қырқыншы жылдарданбыз...»

Достар, достар! Соңғы кезде сіздерді жиі еске алатын болдым. Менің бар байлығым – мектеп қабырғасынан бірге келе жатқан сүйікті жұбайым,   жақын-жуықтарым, құда-құдағиларым және балалық шақтан арамыз ажырамаған қымбатты достарым. Керемет ақын, жазушы Константин Симоновтың бір өлеңінде «Богатство лишь в одном, в друзьях» деген жыр жолы бар. Қандай тамаша айтылған десеңізші?! Бір өкініштісі, сол қимас жандарымның қатары бүгінде күн санап сиреп барады.

40-1

Кеше ғана мектепте бірге оқыған достарым Серік Молдағалиев пен Оразғали Өтегенов өзара ақылдасып алғандай бірінен соң бірі қайтпас сапарға кете барды. Қас қағым сәтте аңқылдаған адал дос Құбаш Қажымовтан айырылдық. Оның ізін ала жасы менен кіші болса да, Әсеке дегізіп жүрген қимасым Әскерғали Шамғонов «келместің кемесіне» мінді. Осылайша есеңгіреген күйде жүргенде мені Алматыдан Оралға алдырып, артынан Ақтөбеге алып кеткен, соңынан менің артымнан Оралға қайта оралған, ойшылдығы философтардан еш кем емес білімдар азамат Исатай Ілиясов бақилық болды.

Міне, енді кішкентайымыздан бірге өскен тағы бір жан досым Ерболат Зинешев біз түгілі сүйген жары Жаңылсынның өзіне «Қош» деп айтуға үлгермей, ауру-сырқауын да сездірмей, о дүниеге аттанып кетті. Жүсіп Қыдыров деген ақынның «Тілегінен қанат ап, алаң көңіл әлденген. Дос жүрегі шарапат, қиын сәтте қол берген...» деген өлең жолдары бар. Ерболат та менің сондай арқасүйер, ішкі сырымды бөлісер сенімді серігім еді. Латынның «Реквием» деген сөзін көпшілік жақсы білсе керек. Қазақша мағынасы – жоқтау. Әдетте қазақ жоқтауды өлеңмен жеткізген. Ол қолымнан келмеген соң, мен Ерболатты қара сөзбен жоқтап отырмын. Зар еңіреп соңында қалған жұбайы Жаңылсынды қандай сөзбен жұбатуға болады? «Алла Тағалаға да жақсы адамдар керек» деп жатады біреулер. Мүмкін, солай да шығар-ау?! Менің де достарым сондай бір жайсаң жандар еді ғой. Айтпақшы, біз балалық шағымызда көбіне асық ойнағанды жақсы көруші едік. Неге екенін қайдам, Ерболат осы ойынды онша ұнатпады. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» дегенді білесіздер ме?» деп бізді келеке қылатын. Әрі ол жастайынан мінезге бай болды. Өмірдің ауыртпалығы да оның иығына ерте түсті. Әкесі қан майданнан оралмады. Апасы Мүгілсін екеуін әжесі мен анасы бағып өсірді. Тоқтарбек Қызықбаев деген жақсы ақынның:

«Біз қырқыншы жылдарданбыз,

Тар кезде туғандармыз.

Кештетіп бүр жарғанбыз,

Көп тойдан құр қалғанбыз.

Шыңырауда  шыңдалғанбыз,

Жығылып тұрғандармыз,

Мұңлы ән-жырларданбыз» деген жыр жолдары осы біздің қатарға арналғандай.

Бір кем дүние! Абзал азаматтың жүрегі соғуын кенеттен тоқтатпағанда, осы наурыз айында 80 жасқа толатынды. Дос құшағында біз де оның қуанышын бөлісіп отырар едік. Амал не, ендігі әңгіме өткен шақпен өрілуде. Асыра айтқаным емес, ол өз қатарының алды болып,  жақсы өмір сүрді. Әлгінде айтқан, қос анасының, Жаңылсын мен балаларының, халқы мен дос-туыстың алдындағы борышын адал атқарды. Өз еңбек жолын тракторшы, шофер болып бастап, комсомол, партия ұйымдарында басшылық қызмет атқарды. Қайсыбір жылдары сол кездегі Орда ауданының Мұратсай кеңшарында  директор, сол топырақта аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болғаны да есімізде. Қай жерде, қандай қызмет істесе де, абырой-беделіне кір жуытқан жоқ. Ерболат адамдармен тез тіл тапқыш еді. Өзара сыйластық пен түсіністікті жаны қалап тұратын. Әрі  күнделікті күйбең тірліктің жетегінде кетіп, ағайын-достан да алыстамады. Қиындықта да, қуанышта да қасымыздан табылуға асықты, биліктің биік баспалдағынан қарамады. Ол ешкімге жағынып, жалбарынып та көрген жоқ. Өз ісін жете білді, қызметін де адал атқарды, басқалардан да соны талап етті.  Жауапкершілік жүгін бәрінен жоғары қойды. Қай нәрсені де ой елегінен өткізіп, тиімді жолын табуға тырысты.

Несін жасырайын, Ерболат пен Жаңылсынның басында қайғылы жағдайлар да аз болған жоқ. Балалары бірінен соң бірі шетінеді. Осындай қысылтаяң шақта Ерақаң Жаңылсынның жайын көбірек ойлады. Өзінің қиналысын жұбайына сездірмеуге тырысты. Екеуі біріне бірі сүйеніш, тірек болды. Отбасындағы шынайы сыйластық пен өзара түсіністік-тің нағыз үлгісі ғой бұл. Менің Ерақам өз ортасының һәм отырыстың да сәні еді.
Қонақ күткенде, қонаққа барғанда жаны жадырап, Жаңылсын екеуі әзілмен де, әнмен де көптің көңілін бір серпілтіп тастайтын. Досымның тағы бір ерекше қасиеті жадының мықтылығы десем, ешкім жоққа шығара қоймас. Ол отырған жерінде өзінің туған топырағы Бөрлінің, Орданың, Жәнібектің және Жаңақаланың тарихы мен есімдері елге елеулі азаматтары туралы майын тамыза әңгіме тиегін ағытатын. Арамыздағы нағыз шежіреші-тұғын. Әрі жерлестерінің жетістіктерін жариялауға елден бұрын асығатын-ды. Оның осынау азаматтық тұлғасын үлкен-кіші де орынды бағалай білді. Кезінде Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарының құрметті азаматы атануы да бұл сөзіміздің айқын дәлелі болса керек. Сосын көңілге жұбанышы – тұлпар тұяқсыз емес. Соңында Жасұлан, Ержан, Мұрат және Жанат сынды ұлқыздары қалды. Олардың бәрі де бір-бір отау иесі.

Иә, өмір-өзен өз ағысынан жаңылған емес. Заман өзгереді, ұрпақ алмасады. Тек Жаратқан ием кейінгі ұрпаққа бақытты ғұмыр сыйлағай!

 

Тілекжан Рысқалиев, 

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале