29.01.2022, 16:30
Оқылды: 50

БҚАТУ-да қысқы спартакиада өтуде

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессорлар-оқытушылар құрамы және қызметкерлерінің қатысуымен «Денсаулық - 2022» қысқы спартакиадасы басталды.

82DEA453-28CF-4600-9CA2-F77407975F6A

Жыл сайын өтетін дәстүрлі спорттық іс-шараның мақсаты – дене шынықтыру және спорттың көмегімен салауатты өмір сүру салтын насихаттау, оқытушылар мен қызметкерлердің спорттық шеберліктерін арттыру. Жалпы аталмыш білім ордасында бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлінеді. Осындай мақсаттарды көздейтін қысқы спартакиаданы университеттегі «Жәңгір хан» спорт клубы ұйымдастырды.

Жарысқа университет құрамындағы бес институт пен бөлімдердің командалары қатысуда. Командалар спорттың волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, жұптық үстел теннисі, көңілді сөре, пневматикалық қарудан оқ ату, шахмат, дартс, қол күресі, шаңғы эстафетасы, арқан тарту секілді 12 түрінен өзара сайысқа түседі. Жалпы спорттың барлық түрі бойынша 300-ден астам адам жарысқа қатысуда.

40ACE2C9-DBE3-49FF-AC49-12AAA500099C

– Салауатты өмір салтын насихаттау, спорт саласын дамыту – университетіміздегі тәрбие жұмыстарының бір бағытын қамтиды. Дәстүрлі спартакиада да осы жұмыстардың аясында ұйымдастырылады. Әріптестеріміз осындай спорттық іс-шараларға белсене қатысады, – дейді Жәңгір хан университетінің ректоры Асқар Наметов.

Жұмыстан тыс уақытта спорттық жарыстардан қалыс қалмайтын аға оқытушы Қаржаубай Досов бұл жолы да «Индустриалды-технологиялық институты» командасындағы әріптестерімен бірге спорттық шеберлігін шыңдауда.

– Таза ауада денсаулығымызды нығайтып, спорттық жарыстарға қатысудамыз. Бүгін шаңғы эстафетасы бойынша қарсылас командалармен бірге сынға түстік. Университетімізде спорттың бірнеше түрімен айналысуға барынша жағдай жасалған, осындай спорттық жарыстар жиі өткізіліп тұрады, – деді ғалым-ұстаз.

Спартакиаданы өткізу барысында санитарлық және карантиндік талаптар толығымен сақталады. Бірнеше күнге жалғасатын «Денсаулық - 2022» спартакиадасының қорытындысы бойынша спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болған командалар «Жәңгір хан» спорт клубының дипломдарымен және сыйлықтармен марапатталады.

БҚАТУ медиа-орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале