Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 25 қазан – Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстан!» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы хабарлады.
Салтанатты жиынның шымылдығы «Ұшқын» студенттік театры дайындаған «Көк байрақ» театрландырылған қойылымымен басталды.
Құттықтау сөз алған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов атаулы күннің маңызына тоқталып, ұлттық мерекенің ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген әр қазақстандықтың символына айналғанын атап өтті.
– Бүгінде әлем мойындаған Қазақстанның қалыптасу кезеңі күрделі болғаны бәрімізге мәлім. Қазақ халқы көптеген сынақтардан сүрінбей, еңсесін биік ұстап, аман-есен өтті. Біз үшін Республика күні – дархан даламыз, бай табиғатымыз, тамырын тереңге жайған тарихымыз бен мәдениетіміз, қайталанбас дәстүрлеріміз және біздің университетіміздің күшімен жасалып жатқан ғылыми жаңалықтар, – деді Асқар Мырзахметұлы.
Мерекелік шара барысында университетіміздің халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде өзіндік жетістіктері бар оқытушылары мен қызметкерлері облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарымен, басқарма төрағасы-ректордың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Олардың қатарында Индустриалды-технологиялық институтының аға оқытушысы Нұргүл Утегалиева, Ветеринария және агротехнология институты директорының орынбасары Илана Абирова, ректор аппаратының басшысы Ерлан Тасқалиев, заңгер Айнагүл Дюйсенгалиева, Әскери кафедраның аға оқытушысы Еділбек Мусаков, Мансап және бизнес-серіктестік орталығының маманы Марал Жақсылықова, бас есепшінің орынбасары Жаннат Акмалиева, Политехникалық институтының аға оқытушысы Асыланбек Нұралин, Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының аға оқытушысы Айгүл Кубегенова және басқалары бар.
Салтанатты іс-шара университеттің «Мәдениет және өнер» студиясы ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.