Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қос ғалымы «Болашақ» халықаралық стипендиясының тағылымдама бағдарламасы бойынша грантын ұтып алды. Олар өз мамандықтары бойынша Ресей мен Беларусь елдеріндегі іргелі жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтетін болады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясының грантын иеленген университетіміздегі Сынау орталығының ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі Айнұр Харжау енді осы гранттық қолдаудың көмегімен К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясында «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша 6 ай көлемінде ғылыми тағылымдамадан өтеді.
Халықаралық стипендияның грантына ие болған келесі ғалым – Индустриалды-технологиялық институты доцентінің міндетін атқарушы, PhD доктор Ербол Ербаев. Ербол Төлегенұлы Белоруссия мемлекеттік аграрлық-техникалық университетінде «Ауыл шаруашылығын энергиямен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша 6 ай тағылымдамадан өтіп, тәжірибесін толықтырады.
БҚАТУ медиа орталығы