15.11.2021, 17:56
Оқылды: 108

БҚАТУ студенті Әлем чемпионатында қола жүлде иегері атанды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенті Әділбек Сейсов Өзбекстан елінің Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатында жауынгерлік самбодан 3-орынға ие болып, қола жүлдені жеңіп алды.

75B3AECF-D12A-434D-93EF-399BA5DEB718

Спортта тағы бір белесті бағындырған спортшы 12-14 қараша күндері өткен әлемдік додада 64 келі салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орыннан көрінді.

Жүлдегермен хабарласып, жеңісімен құттықтап, әлем мықтылары боз кілемге шыққан чемпионаттан алған әсерін сұрап білдік. Өзбек палуанына ғана есе жіберіп алғанын айтқан Әділбек Сейсов бұл жеңістің де оңайлықпен келмегенін сезіндірді.

– Ең бірінші қарсыласым Египет палуаны болды, оған «ауырту» әдісін қолдану арқылы жеңіске жеткен едім. Одан кейін АҚШ спортшысымен белдесіп, оны 8:3 есебімен ұттым. Үшінші белдесуде Болгария самбошысымен кездесіп, 2:1 есебімен басым түстім. Алайда төртінші белдесуде өзбекстандық палуан «қылғындыру» әдісімен жеңіп кетті, – деді Әділбек Махамбетұлы.

Ақтық сынға шығу мүмкіндігі өзбек спортшысына бұйырып, жерлесіміз 3-орынға тұрақтаған.

Осылайша Әлем чемпионатында топ жарған спортшымыз «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» нормативін орындады.  

Қазақ елінің намысын қолдан бермеуге тырысқан Жәңгір хан университетінің студентін кезекті жеңісімен құттықтаймыз!

Еске сала кетсек, Әділбек Сейсов – БҚАТУ-дың «Алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі» мамандығының 2-курсында оқиды.

БҚАТУ медиа-орталығы, Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале