Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің білім алушылары «Вавилов олимпиадасы-2025» халықаралық студенттік олимпиадасына қатысып, өздерінің теориялық қабілеттерін көрсетті.

Университетіміздегі «Ветеринария және агротехнология» институтының студенттері онлайн форматта қатысқан бұл білім додасын Н.И.Вавилов атындағы Саратов мемлекеттік генетика, биотехнология және инженерия университеті академик Н.И.Вавиловтың 138 жылдығына орай ұйымдастырды. Әлемнің әртүрлі елдерінен 17 команда өз бақтарын сынаған сайысқа қатысушылар алдымен географиялық карталармен жұмыс жасаса, екінші кезеңде тестілік тапсырмаларды орындады.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – студенттердің дайындық деңгейін бағалау, мамандандырылған пәндер бойынша алған білімдерін тереңдету және жүйелеу, академик ғалымның зерттеулеріне назар аударту.

БҚАТУ-дың «Өсімдік шаруашылығы» білім беру бағдарламасында оқитын студенттер олимпиадада жоғары деңгейдегі дайындықтарымен қатар өз шешімдерін негіздеу және теориялық материалды тәжірибеде қолдану қабілеттерін көрсетті. Нәтижесінде өздерінің сапалы теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде дәлелдеген студенттерге Н.И.Вавилов атындағы Саратов мемлекеттік генетика, биотехнология және инженерия университетінің сертификаттары мен дипломдары табысталды. Вавилов олимпиадасы ұмытылмас әсер қалдырды, студенттердің ой-өрісін кеңейтті және кәсіби құзыреттіліктерін нығайтуға, ынталандыруға ықпал етті.
Ләйлә Қалиева,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ доценті м.а., PhD