1.04.2025, 11:00
Оқылды: 324

БҚИТУ-ға  – ширек  ғасыр

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті  мен Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің 25 жылдығы аталып өтілді.

бкиту фото мади салык

Мерекелік концерт  алдында аталмыш оқу орындарының  тарихынан сыр шертетін «Даму, табыс және танылудың 25 жылы» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Сондай-ақ бұл кітаптың ішінде қос білім ордасының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұстаздардың өмірі мен қызмет жолы жазылған. Жинақтың лентасын облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен БҚИТУдың құрылтайшысы Қазыбай Бозымов қиды. Іс-шарада Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері әуезді әндер шырқап, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі думанға бөледі. Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев қос оқу орнының қызметкерлеріне ақжарма тілегін білдіріп, шара шымылдығын түрді.

– БҚИТУ және Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі – өңірдегі белді білім ордаларының бірі. Бұл оқу орындары ширек ғасырлық тарихында сан мың түлекті түлетіп, ел экономикасының дамуына үлес қосатын мамандарды даярлап келеді. Өңірдің рухани өркендеуіне де сеп болып, аймақтың басты орталықтарына айналды. Сіздер­ді 25 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын! – дей келе, өңір басшысының алғысхатын табыстады.

бкиту фото мади салык2

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті 25 жыл ішінде алпыс бес мыңнан аса түлекті әртүрлі сала бойынша маман етіп даярлаған. ҚР Ғылым және білім министрлігі университеттегі студенттердің білім дәрежесіне жоғары баға берген. Бүгінде елімізде 115 жоғары оқу орны болса, соның ішінде БҚИТУ 14-орын алады. Студенттердің санына келсек, облыс бойынша алдыңғы қатардағы сұранысқа ие білім ордасы болып есептеледі. Түлектердің жұмысқа орналасуының жылдық орташа есебі сексен пайыздан асады. Университет дамуына үлес қосқан белгілі академик, БҚИТУ құрылтайшысы Қазыбай Бозымов оқу ордасының ширек ғасырда жеткен жетістіктеріне шолу жасады.

– 1990 жылдардың ортасы мен 2000 жылдардың басында Қазақстанда жеке білім беру ұйымдары қалыптасты. Бұл елдегі нарықтық қатынастарды қалыптастырудың және қоғамның барлық салаларында, соның ішінде мемлекеттік емес меншік нысандарының пайда болуының күрделі кезеңі болды. Елімізде жеке оқу орындары құрылып, жоғары білім алу жолында жастардың таңдауы мол болды. Қазір Қазақстандағы жоғары оқу орындарының елу алты пайызы жекеменшік есебінде. Алғаш құрылған жылдары университет бірқатар қиындыққа тап болғанымен, оған төтеп беріп, табысты дамыды. Осы күндері білім ордасының материалдық-техникалық әлеуеті нығайды. Сондай-ақ білікті профессор-оқытушылар студенттерге дәріс береді, – деді Қазыбай Бозымов.

Соңғы 25 жыл ішінде университеттің ұйымдық құрылымы мен атауы бірнеше рет өзгерген. Мұнда бакалавриаттың – 18, магистратураның екі білім беру бағдарламасы бар. Қазіргі таңда бес мыңнан аса студент білім алып жатыр.

бкиту фото мади салык3

Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин мен тарих ғылымдарының докторы, профессор, БҚИТУ-дың құрылтайшысы Тұяқбай Рысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілегін жеткізді. БҚИТУ және Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің оқытушылары мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале