27.03.2020, 14:31
Оқылды: 205

БҚМУ еріктілері тегін маска таратуда

Оралда М. Өтемісов атындағы БҚМУ еріктілері аз қамтылған отбасыларға арнап тегін маска тігуде.

CAC10205-AC99-4295-B770-92A0BF155DF9

Қазіргі уақытта педагогикалық ұжым қашықтан қызмет етіп, студенттерді онлайн оқытуда. М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, "Nur Otan" партиясының мүшесі Нұрлан Серғалиевтің бастамасымен қолға алынған игі іс төтенше жағдай аяқталғанша жалғасын таппақ. Университет шеберлері бір аптадан бері 500-ден астам бетперде дайындаған. Маскалардың алғашқы легі Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлерге, тылда еңбек еткендерге және университетте дәріс берген ардагер-ұстаздарға үлестірілген. БҚМУ-дың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Түймеш Дәрішева дезинфекциялық дәрілік заттар сатып алынып, оқу ордасының корпустарын залалсыздандыру жұмысы уақтылы жүргізіліп жатқанын айтты. Коронавирус індетінен сақтану жөнінде жазылған жадынама парақшалары студенттердің әлеуметтік желілеріндегі мессенджерлеріне таратылуда. Университетте оқитын 5 мыңнан астам студент қашықтан білім алады.

– Масканы «Мәдениет және өнер» факультетіне қарасты шеберхана ұстаздары дайындауда. Университет ғимаратында медициналық пункт қызмет етеді. Дәрігерлер шеберлердің дене қызуын өлшеп, денсаулығын қадағалап отыр. Бетперде тігуге арналған шыт мата арасына екі қабат мәрлі салынған. Маска көлденеңінен төрт бөлікке бөлінген, демалуға ыңғайлы. Университеттің кәсіподақ комитеті педагогикалық ұжыммен бірлесіп, осы жобаға қолдау білдіруде. Тегін маска мұқтаж адамдарға таратылады, – деді БҚМУ жанындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мерген Сүлейменов.

 Нұртай Текебай

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале