БҚО əкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Жəнібек ауданында жүрсе де, бүгін түс ауа Орал қаласындағы Желаев тасжолының бойында орын алған жол апатына алаңдаушылық білдірді.
Айта кетейік, бүгін 16 сағат 20 минутта "Орал - Желаев" тасжолының бойында жүк көлігі мен №74 "Орал-Трекино" бағытындағы жолаушылар автобусы түйісіп, əртүрлі деңгейдегі жарақат алған 9 адам ауруханаға жіберіліп, 60 жастағы əйел қаза тапқан болатын.
Алтай Сейдірұлы Жəнібек ауданы əкімінің есеп беру жиынына қатысу үшін келген БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллинге аталған жол-көлік оқиғасының мұқият зерттелуін басты назарға алуға жəне жолаушылар тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көліктердің қызметін қатаң тексеруге тапсырма берді.
Сондай-ақ облыс көлеміндегі жəне Орал қаласындағы автокөлік жолдарын қарап-күтумен айналысатын құзырлы мекемелердің басшыларына да өз қызметтерін жетілдіруге баса көңіл бөлуді тапсырды.
zhaikpress.kz