9.05.2018, 14:04
Оқылды: 43

БҚО: 108 майдангер Жеңістің 73-ші көктемін қарсы алды

IMG_5642Жеңіс күніне арналған салтанатты шара М.Мәметова алаңындағы қазақтың үш батыр қызының ескерткішіне гүл шоғын қоюмен басталды.

Жеңіс алаңында жалғасқан шарада облыс әкімі Алтай Көлгінов барша ағайынды осынау мерекемен құттықтады.
- Бабаларымыздың бейбіт өмірімізді сақтау үшін көрсеткен ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Жеңістің қадір-қасиетін сақтап, өскелең ұрпаққа аманат ету - барлығымыздың перзенттік парызымыз. Себебі аталарымыз бен аналарымыздың еңбегінің арқасында келген жеңістің қадірі қашан да қымбат. Біздің буын жыл сайын қасиетті Отан үшін жанын қиған бабаларының рухына бас иіп, құрмет көрсету үшін Жеңіс алаңына жиналады.

IMG_5659Германия халқының 12 пайызы соғысқа араласса, тек қана Қазақстан халқының 25 пайызы соғысқа жұмылдырылған екен. Соғысқа еліміздің 1млн.800 мың азаматы қатысқан еді. Соның ішінде өңірімізден 80 мыңға жуық азамат аттанған. Олар майдан даласында ерліктің нағыз үлгісін көрсетіп, соның жартысы ғана елге оралды. Қалғаны ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапты. 528 қазақстандық Кеңес одағының батыры  атанды. Республика бойынша осы мейрамға жетуге екі мыңнан аса ардагерге бұйырыпты. Бүгінгі күні бізбен бірге облысымыздың 108 ардагері  Жеңістің 73-көктемін қарсы алды. Сонымен қатар әке-аналарымыз сұрапыл жылдары тылдағы жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті.  Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздіктің туын көкке желбіретті. Тәуелсіздігіміз бізге орасан мүмкіндіктер берді. Сол бақытымыз баянды болсын, - деді облыс әкімі.

Кейін қатысушылар Мәңгілік алау жанына гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті.

Шара қалалық мәдениет және демалыс саябағында жалғасты. Онда жиналған жұртшылық жауынгер ботқасынан дәм татты.

zhaikpress.kz

Фото Темірболат Тоқмамбет

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале